Мессенджерлердегі 300-ге жуық арна, тыйым салынған заттар сатылатын 4 ірі Darknet маркетплейс көзге түсті. Ел аумағында Telegram арналары арқылы есірткі және психотроптық заттарды тұрақты негізде жарнамалаумен және сатумен айналысқан 80 пайдаланушының жеке басы анықталды.
Интернет-кеңістіктің Қазақстандық сегментіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 35 мыңға жуық қатысушысы бар есірткі сататын 3 ірі алаң, есірткі заттарынының әлеуетті тұтынушылары болып табылатын 10 мыңға жуық адамның жеке басы анықталды.
Талдау көрсеткендей, тұтынушылардың 50%-дан астамы Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі. Агенттік өткен жылы айналымы 25,6 млрд теңгені құрайтын 36 есірткі дүкенін анықтады. Биыл Telegram мессенджерінде 60 есірткі арнасына тиесілі 59 карт-шот анықталды. Қаржылық барлау бөлімшесінің алдын ала талдау қорытындысы бойынша аталған дүкендердегі ақша қаражатының жалпы айналымы 3 млрд теңгені құрады. Айналымы 82 млн теңгені құрайтын есірткі дүкендерінің бірі бойынша материалдар ІІМ-ге жолданды.
Құрметті азаматтар! Есірткіні қолдану адам денсаулығына жағымсыз әсер ететінін тағы да еске саламыз. Есірткі арқылы жасөспірімдердің денсаулығына қауіп төнуі мумкін. Ата-аналардан балаңыздың мінез-құлқына, оның денсаулық жағдайына, айналасына назар аударуды, интернет кеңістігінде көрген контентті, сатып алуларын, сондай-ақ оның карточкалық шоттарына қаражат түсу көздерін бақылауды сұраймыз.
Есірткі құралдарын сатып алу және сақтау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз.
Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі