Қазіргі таңда ел құрамасы иеленген жүлделердің саны жағынан төртінші сатыда тұрса, алтын мен күміс медальдардың сапасы бойынша Бахрейнді артқа қалдырып, сегізінші орынға көтерілді. Жарыстың кезекті күні әсіресе былғары қолғап шеберлері мен таэквондошылар үшін өте табысты өтті.
Соңғы төрт күн бойы алтыннан «қол үздік» деген отандастарымыз бір күннің өзінде үш бірдей мәртебелі жүлдені қоржынға салды. Атап айтқанда, бокстан Иордания спортшысынан мықтылығын дәлелдеген Төрехан Сабырхан мен өзбекстандық Жахонгир Зокировты тізе бүктірген ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай Азия ойындарының чемпионы атанып, соңғы екі құрлық додасында бұйырмай келген алтын олжаның орнын толтырды.
Сонымен қатар таэквондодан 58 келі салмақта сынға түскен Темірлан Тілеулес қарсылас шыдатпай, отандық таэквондо тарихындағы алғашқы алтын медальға қол жеткізді. Бұдан бөлек, еркін күрестен Рио Олимпиадасының жүлдегері Эльмира Сыздықова финалда тартысты белдесу өткізіп күміс еншілесе, жас палуандар Зейнеп Баянова мен 19 жастағы Едіге Қасымбек пьедесталдың үшінші сатысынан көрініп, қола жүлдегер атанды.
Осылайша, спортшылардың сәтті өнер көрсетуі джиу-джитсу шебері Сейілхан Болатбек, таэквондошы Батырхан Төлеуғали, паратаэквондошы Рита Бакишева және теннисшілер Юлия Путинцева мен Анна Данилинаның жұптық сайыстағы қола жүлделерімен толықты.







