Қазақстанның жас спортшылары 2026 жылғы 25-29 наурыз аралығында Түркияның Анталия өңіріндегі Сиде қаласында өткен «Antalya Volleyball Friendship Cup U-16» халықаралық жастар турнирінде тарихи жетістікке қол жеткізді.
Бұл додада Жетісу облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының қыздар командасы мен Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылының ұлдар командасы Қазақстан намысын қорғады. Ауылдан шыққан қарапайым балалардың қажырлы еңбегі, табандылығы мен жігері оларды үлкен жеңіске жеткізді.
Halyk қоры жарысқа дейінгі дайындық кезеңні де жоғары деңгейде ұйымдастырды. Қыздар командасы Алматыдағы кәсіби волейбол орталығында жаттығып, техникалық және тактикалық шеберлігін жетілдірсе, ұлдар командасы Балқаш ауданының Бақанас ауылында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, физикалық дайындығын шыңдады. Бұл дайындық олардың әр ойында сенімді, жинақы және жігерлі өнер көрсетуіне негіз болды.
Турнир барысында қазақстандық командалар қарсыластарын бірінен соң бірін айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Қыздар финалда Түркияның «GAZI» клубымен кездесіп, 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Ал ұлдар құрамасы да дәл осы қарсыласты 2:1 есебімен ұтып, чемпион атанды.
«Бұл – бүкіл Қазақстанның жеңісі. Ауылдан шыққан жас спортшыларымыз халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды биікке көтерді. Бұл жетістік – олардың табандылығы мен еңбегінің, сондай-ақ, ауыл жастарына мүмкіндік берудің нақты нәтижесі. Біз алдағы уақытта да таланттарды қолдап, олардың үлкен спорттағы жолын жалғастыруға бар күшімізді саламыз», – деді қордың атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы.







