Құжатқа сәйкес, Қазақстан автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін елден тыс, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттеріне әкетуге алты айға тыйым салады.
«Майлау майларын қоспағанда, дайындаушы зауытта көзделген автомобиль көлік құралдарының бензин бактарында, мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органмен келісілген және жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізуге уәкілетті ұйыммен шарт және осы мақсаттар үшін қажетті авиациялық отын үлгілерінің (сынамаларының) саны мен көлемі көрсетілген хат болған жағдайда авиациялық отынды (реактивті қозғалтқыштарға арналған отынды) өнеркәсіптік өндіріске қою, өнеркәсіптік өндіру технологиясын бекіту және/немесе қайта бекіту мақсатында тәжірибелік-өнеркәсіптік партиядан алынған үлгілердің қоспаларын, біліктілік және зертханалық сынақтарын іріктеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін авиациялық отынды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмек шеңберінде әкетілетін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге автомобиль көлігімен бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынсын», — делінген құжатта.
Бұл тыйым мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандыруға және елдегі болуы мүмкін жанармай тапшылығының алдын алуға бағытталған деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Бұйрық 2025 жылғы 29 қаңтарда күшіне енді.