Бірінші наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы трассаларда қолданылады.
1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылатын уақытша шектеу барысында Жамбыл облысында да ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынбақ. Десе де, шектеу шаралары жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылмайтыны белгілі.
Міне, осы тұсты «ұтымды» пайдаланатын салмағы аса ауыр темір тұлпарларды тізгіндеген кейбір жауапсыз жүргізушілердің бар екені де жасырын емес. Ережеге бағынбайтын осындай жүк көліктерінің кесірінен тас жолдардың біраз бөлігі жарамсыз күйге түсетіні тағы анық.
Бұл күнде Әулиеата өңіріндегі қалалық және жол құрылыстарында сондай-ақ өзге де нысандарда 4 мыңға жуық самосвал көліктер пайдаланылуда. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалының инженері Тойшыбай Әлиахметовтің сөзінше, өңір аумағында 3 жылжымалы көлік бақылау пунктері болғанымен, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Соның салдарынан облыстағы жолдардың сапасының нашарлауы жиі кездеседі.
– Мәселен, «Нowo», «Shacman» және «Man» маркалы көліктердің жүк көтергіштері 25 тоннаны құрайды. Алайда, салмағы 15 тоннаға жуық көліктердегі жүк көлемі 40 тоннадан асып түседі. Осылайша, мұндағы жүктеме тиісті құжаттағы стандарттардан да жоғары. биылдан бастап орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу үшін жобалаушылардан жобалық-техникалық құжаттамаға жүктерді тасымалдау мақсатында салмағы 15 тоннадан артық емес жүк көліктерінің жүруін талап етілуде. Бұл өз кезегінде автожолдардағы ақаулардың алдын алып, тас жолдың тез тозуына тосқауыл болады деп күтілуде, – дейді Т.Аляхметов.






