Өткен жылдың қараша, желтоқсан және осы жылдың қаңтар айларында өңір тұрғындары арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру саны өршігені белгілі. Сол кезде күніне кемі 25-30 адам індет жұқтырып отырды. Дәрігерлер және өзге де мүдделі мекемелер жағдайдың алдын алу және барынша сақтық шараларын қатаң ұстану секілді жұмыстарды дер кезінде жүргізе білуінің арқасында жағдайдың беті біршама бері қараған. Әйтсе де әлі де күніне 7-8 адам індет жұқтырып жатқан көрінеді.
Былтыр және биыл өңірде пандемияға қарсы жүргізілген емдеу, алдын алу жұмыстары талқыланған облыстық Қоғамдық кеңесте осы мәселелер сөз болып, әлі де болса тұрғындардың сақтық шараларын ұстануы, тәртіпке бағыну керектігі айтылды. Сондай-ақ саладағы өзге де кемшіліктер атап көрсетілді.
Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әмзебек Жолшыбеков ашып жүргізген жиында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі емдеу мекемелерінде қанша төсек қоры бар екенін, қанша науқас емделіп жатқанын, мекемелер мен дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамту, індетке қарсы екпе егу секілді салада атқарылған шаруаларды бүге-шігесіне дейін баяндады.
– Облыс бойынша тек Тараз қаласында ғана, оның өзінде бар-жоғы 4 емдеу мекемесінде ғана оттегі стансасы бар. Былтыр індет ушыққан кезде науқастардың дені оттегі жетіспеушілігінен көз жұмғаны белгілі. Сол кезде медициналық мекемелер күніне 170-180 оттегі баллонын алмастырып отыруға мәжбүр болған еді. Беті аулақ, егер сол жағдай тағы қайталанатын болса, шалғай аудандарға Тараз қаласынан оттегі баллондарын дер кезінде жеткізіп отыру мүмкін емес. Осыны біле тұра алыстағы аудандар неге оттегі стансаларымен қамтылмай отыр? – деді жиында сөз алған Қоғамдық кеңес мүшесі Сағындық Ордабеков.
Өз кезегінде Әсет Әскерұлы бұл мәселе бойынша бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, қазіргі таңда екі ауданға оттегі стансасын орнату жұмысы қолға алынып жатқанын мәлімдеді. Қоғам белсендісі Исламбек Дастан да бірқатар сұрақтар қоя отырып, облыс әкімі Бердібек Машбекұлының аудандық ауруханаларды компьютерлік томографиямен қамту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын білгісі келетінін жеткізді.
– Бюджет есебінен алынған медициналық аппараттан бөлек, демеушілік көмек есебінен де 122 оттегі концентраторы, 14 өкпені жасанды желдету аппараты алынып, олар өңірдегі емдеу ұйымдарына берілді. Қазір Меркі, Шу аудандары КТ аппаратымен қамтылса, жақында осындай жабдық Қордай ауданына да берілетін болады, – деді басқарма басшысы
Басқосу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері және қоғам белсенділері медицина саласының бизнеске айналып бара жатқанын, кейбір емдеу мекемелері пациенттерді сандалтатынын, олар мемлекеттік емдеу мекемелері көрсетуі тиіс медициналық қызметті амалсыз ақысын төлеп, жекеменшік емханадан көріп отырғанын, «СК-фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеткізген дәрі-дәрмек бағасының нарықтан қымбат екенін мәселе етіп көтерді.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нэйля Муликованың айтуынша, жекелеген адамдар мен заңды тұлғаларға санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 20 миллион теңгеден аса айыппұл салынып, ол бюджет есебіне өндіріліпті. Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмысына көңілі толмайтындарын білдірді. Өңірде әлі де жұрттың халықты жинап келін түсіруі, көкпар беруі, мейрамханалардың жасырын жиын-той өткізуі секілді заңсыздықтар тыйылмай отырғанын, тұрғындардың қоғамдық көлікке маскасыз мініп-түсіп жүргенін сынға алды.
Қоғамдық кеңестің арнайы бақылау-мониторингтік жұмысшы тобының жеткшісі Қалыбек Атжан да баяндама жасап, өзекті мәселелерге тоқталды. Басқосу соңында қарар қабылданып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ