Кісі көңіліне аңдап сөйлеу, мұң тұмшалаған қабағына нұр шашу, жылы лебіз жеткізіп жанын жадырату – адамгершілік қасиеттің асылы. Қарттарымыз жүрістен қалып, қатары азайып, көңілі құлазыған шақта оларға қайырылып келіп сәлем беру, арнайы барып жағдайын сұрау – бүгілген беліне тіреу болғанмен пара-пар емес пе?
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Сәкен Арубаев пен аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев Айшабибі ауылы Жібек Жолы көшесі №79 үйдің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасен Шанбаевтың шаңырағына арнайы барып, қарияға сый-құрмет көрсетті. Өмір жолында сүріп өткен оқиғаларына құлақ түріп, ақ батасын алды.
– Қай халықтың болмасын ұлттық болмысында үлкенді сыйлап, құрмет көрсету ғұрпы бар. Сол бір тамаша дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұрпақ санасына тәлім сіңірген, жетеліге аталы сөз айтқан қарияларымыз бен оққа кеудесін тосқан оғландарымыздың ізі мен сипатты әңгімесі ешқашан көнермейді ата. Сіздер көзіміз көрген еліміздің қаһарманысыздар. Жеңістің алғашқы дәмін сезінген де, кейінгі ұрпаққа «қой үстіне бозторғай ұя салған» ғұмырды тарту еткен де, бүгінде шаттанып жүргеніміз де сіздердің арқаларыңызда. Ел ертеңі үшін ажалмен бетпе-бет келсеңіздерде, мойымадыңыздар. Ерліктің ерен үлгісін көрсете білдіңіздер. Біз, яғни, өскелең ұрпақ сіздердің аман-саулықтарыңызды Алла Тағаладан тілейміз, – деді Сәкен Қаланұлы өз сөзінде.
Өз кезегінде сөз алған Рүстем Әлішұлы ардагерге денсаулық, отбасына жақсылық тілеп, ізгі-ниетін білдірді. Құрметке бөленген қария елеп-ескере келген аудан басшыларына алғыс-алқауын айтты.
Ардагермен кездесуге Айшабибі ауылдық округінің әкімі Раимбек Сейітов пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов қатысып отырды.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі






