Қалада алғаш рет «Аңыз қала» атты жастар арасындағы квест ойыны өтті.
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған қызықты шараның мақсаты жастар арасында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін насихаттау, олардың бойында коммуникативтік және шығармашылық қабілеттерін шыңдау, бастысы өз өлкесінің тарихы мен мәдениетін терең білуге тәрбиелеу мен логикалық ойлауын қалыптастыру болды. Ойында 16 мен 29 жас аралығындағы құрамы бес адамнан құралған 24 команда бақтарын сынады. Өзіміздің облыс орталығындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан өзге аудандардан, тіпті Алматы мен Шымкент қалаларынан да командалар келіп қатысты. Қатысушы команда мүшелері әр сала мамандарынан құралды. Мәселен, олардың қатарында жайдарманшылар, журналистер, спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен жергілікті мәслихат депутаттары мен спортшылар болды. Командаларға ұйымдастырушылар тарапынан берілген тапсырмаларды орындау барысында бірінші нысаннан екінші нысанға жету жету үшін жасырылған жұмбақтарды шешу арқылы карта маршрутын құрастырып, шаһардағы тарихи-мәдени орындарға шолу жасады.
Қатысушыларға берілген алғашқы тапсырма «руна» әріптері арқылы өлең жолдарын құрастыру керек болды. Осы өлең жолдары арқылы оларға жасырылған тарихи ескерткішті табу міндеттелді. Ол жасырылған жер қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштері болатын. Бұл тапсырманы көпшілігі бірден тапқанымен, шатасқандар да кездесті. Ал тапсырманы орындау мен жасырылған жерді табу үшін командалардың уақыттары есептелді. Қатысушылар мұнда келген соң оларға қазақтың хандарын ретімен айтып беру тапсырылды. Хандарды толық айтқан соң ескерткіш маңындағы жер астына жасырылған сандықты тауып, келесі аймақтың қай жақта екені белгілі болды. Айта кетерлігі, тапсырмаларды орындау барысында ғаламторға кіру, ұялы телефондар немесе көмекші құралдарды пайдалану қатаң бақыланды. Осылайша, шаһардың ескерткіштері, тарихи орындары, кітапханалар мен саябақтар жасырылып, ойын екі күнге жалғасты.
– Бұл ойын алғаш рет біздің қалада ұйымдастырылып отыр. Ойынның мақсаты жастардың өлкеміздің тарихын білу арқылы насихаттау. Сондай-ақ олардың интеллектуалдық білімдерін арттыру. Қазіргі таңда бізге тың идеялар керек. Бұдан өзге, елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «ЭКСПО-2017» көрмесіне келуші қонақтарға біздің өңірде өз тарихы мен шежіресін, қайталанбас архитектуралық ескерткіштерін таныстыру мақсатында туристер картасы маршрутына енген болатын. Осы маңызды шараға дайындық ретінде осы ойынды ұйымдастырып отырмыз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Шайхиев.
Сонымен екі күн бойы бар біліктіліктері мен білімдерін ортаға салған жастардың квест ойынының қорытындысы бойынша жүлделі 3-орынды «Қазақстан Студенттері Альянсы» республикалық студенттер қозғалысынан құралған «Жамбыл жастары» командасы еншілесе, 2-орын Қазақ-түрік лицейінің «Ninety nine» командасына бұйырды. Ал ойынның жеңімпазы ретінде өңірдің пікірсайысшыларынан құралған «Ғарышкер» командасы танылды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Шынболат Сейдуалиев