Тараз қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 2004 жылы 18 желтоқсанда Ержан Тәтішевтің өліміне байланысты Мұратхан Тоқмадиге қатысты жарыссөз өтті.
Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушылар Асхат Нұрлыбаев пен Ілияс Есқалиев оқиғаның болу себептерін, оның ойластырылған жолдары туралы толық ашық айтып берді. Сондай-ақ Ержан Тәтішевтің өлімі кімдерге қажет болғандығы, қылмыстың басында тұрған негізгі фигуранттардың «БТА банкке» қысым көрсеткендіктері, Қордай аудандық және облыстық апелляциялық сотының әділетсіз өткендігі, бұл іске Нартай Дүтбаев пен Мұхтар Әблязовтың қаншалықты қатысы бар екендігі ашық айтылды. Негізінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы болған Нартай Дүтбаев пен Мұхтар Әблязов Мұхтар Жәкішев арқылы танысқан екен. Бүгінде темір тордың арғы жағында отырған экс-комитет басшысы Тәтішевке жан-жақты қысым көрсеткен. Марқұм банкирдің көлігін өртеген, «оққағарларын» соққыға жыққанымен қоймай жанұясына да айтарлықтай қысым көрсеткен. Сондықтан «Тоқмәдидің» қолынан қаза тапқан марқұм Ержанның жанұясы шетелге көшіп кетуге мәжбүр болған. Қала берді қылмыс болған кезде көлікте болған оққағарының өзі өзіне көрсетілген қысымның әсерінен Ресейге көшіп кеткен. Осындай деректерді жіпке тізген мемлекеттік айыптаушылар Тоқмәдиге ҚР Қылмыстық Кодексінің 96 бабы, 2 бөлігінің ж, з тармақтарына сәйкес 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ тергеу барысында экспертизаға кеткен 350 мың теңгені өндіріп алу да айтылды. Ал өз кезегінде адвокат Тоқмәдидің қылмысқа қорыққандығынан барғандығын айтты. Себебі, оның қылмысқа баруына М.Әблязов қысым көрсеткен екен. Сонымен қатар бүгінде сотталушы 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырғанын және 5 баласы бар екенін алға тартып, 10 жылдан артық емес жаза беруді сұрады. Ал Мұратхан Тоқмәди өзінің сот алдындағы соңғы сөзінде тағылып отырған барлық айыптарды мойындайтындығын және тергеу шаралары дұрыс жүргізілгенін жеткізді.
TURANINFO.KZ