Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №1 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидат Қожаберген Айгүл Алдабергенқызы сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды күшейту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық беріп отыр, деп хабарлайды TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі.
Психология және әлеуметтік саладағы еңбек жолы
Қожаберген Айгүл Алдабергенқызы 1994 жылғы 18 қаңтарда Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданының Жақсылық ауылында дүниеге келген.
2015 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Педагогика және психология» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2025 жылы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2016 жылы А. Байтұрсынов атындағы орта мектепте психолог болып бастаған. Кейін «Элай-Құлан» ЖШС-нің тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту орталығында психолог қызметін атқарған.
2017–2023 жылдары «Аида» бөбекжай-бақшасында психолог болып жұмыс істеген.
2023–2025 жылдары Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Т. Рысқұлов ауданындағы әлеуметтік кеңес беру кабинетінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман қызметін атқарған.
2025 жылғы 4 қарашадан бастап Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің Отбасын қолдау орталығының басшысы қызметін атқарып келеді.
Отбасылы, төрт бала тәрбиелеп отырған ана.
Отбасы – қоғамның тірегі
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында отбасы құндылықтарын нығайту маңызды орын алады.
Айгүл Қожаберген отбасындағы психологиялық ахуалды жақсарту, ажырасудың алдын алу, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.
Оның пікірінше, қоғамның тұрақты дамуы әр отбасының әл-ауқаты мен қауіпсіздігінен басталады.
Әйелдер мен балаларды қолдау
Кандидат ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жұмыспен қамту және кәсіби білім алу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне назар аудармақ.
Сонымен қатар балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, спорттық және шығармашылық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру бағыттарын көтеруді көздейді.
Әлеуметтік әділдік және ашықтық
Айгүл Қожаберген көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар және әлеуметтік қолдауға мұқтаж тұрғындардың мәселелерін назарда ұстауды мақсат етеді.
Кандидат депутаттық қызметтің басты міндеті халықтың өтінішін тыңдау, мәселелерін тиісті органдарға жеткізу және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға қатысу деп есептейді.
«Менің ұстанымым – әділдік, ашықтық, жауапкершілік және нақты іс. Ел сенімін ақтау – мен үшін ең үлкен міндет», – дейді кандидат.
Айгүл Қожабергеннің сайлауалды бағдарламасы отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік қорғауды күшейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №1 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.






