Жамбыл облысы Тараз қаласының № 13 тергеу изоляторында «Қаңтар оқиғасына» қатысы бар деген күдікпен ұсталған Әділет Ахыт өз өзіне қол жұмсау мақсатында, ішіне шеге тығып алғаны туралы ақпарат пайда болды. Жігіттің анасы Бекбатшаева Алтыншаш ақпаратты растады.
Orda.kz редакциясынан араша сұраған Бекбатшаева Алтыншаш ұлына барғанын және оның психологиялық тұрғыда шаршағанын жеткізді.
«Қазіргі таңда Ахыт Әділет балама заңсыз айыптар тағылып жатыр. Содан себептерінен жалған куәгерлермен, жалған айыптауда. Оның бәрі дәлелденді, бәрі құқық қорғау органдарының қысымдарымен жасалғандығы. Енді олар тағы куәгерлерді тауып балама «жалған айғақ» бергізіп жатыр. Қазір балама кіріп шықтым, бұндай жағдайға не үшін барғанын сұрадым, ол маған «мама психологиялық тұрғыда шаршадым. Ешқандай әділдік жоқ. Мен шындыққа жете алмадым. Мен үшін біреу қиналғанын қаламаймын. Жалған жауаптарды алып, жалған куәгерлерді тауып (жатыр-ред.). Жасалған қылмысым болса дәлелдеп берсін, болмаса мені ақтасын. Ақталмасам болып жатқан әділетсіздік үшін өміріммен өз-өзіме қол жұмсап қоштасамын» деп айтты», – дейді ол.
Күдіктінің анасы әділдік жоқ екенін алға тартады.
«Заңсыздықтарды ажыратып берсе екен. Заңды шешім қабылданбайды, әділдік жоқ. Менің қолымда құжатпен дәлелденген айғақтар бар. Оған заң органдары дұрыс көзбен қарамады. Менің балам 18 емес, 25 жаста. Балам қылмыс жасаса дәлелдеп заңды жазасын өтесін», – дейді Алтыншаш Бекбатшаева.
Әділет Ахыттың анасы редакцияға ұлының СИ-13 камерасында өз-өзіне шеге тығып алғаны туралы хатты тапсырды..
Хатта Әділет Ахыт өз іс әрекетін тергеудің әділетсіз өтуі мен жала жабылғандығы үшін ашынып жасағанын жазған.
Арыздың нұсқасы:
Әділет Ахытқа Қылмыстық кодекстің 272 бабы 1 тармағы және 188 баптың 1, 3 тармақтарымен айып тағылған.
Исламбек Дастан, Жамбыл облысы