Қойнауы тарихқа тұнып тұрған Тараздың төрінде Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың туылған күніне және Қазақ телеарнасының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жамбыл-менің жай атым, xалық-менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Айтыстың бас жүлдесін иемденген Рүстем Қайыртайұлы эксклюзивті сұхбат берген еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
— Ал аға, жүлде құтты болсын! Қандай сезімдесіз?
-Жүлде алған адам қандай сезімде болатын еді, қарындасым. Көңіл-күй тамаша. Бұдан артық қандай коммунизм керек демекші, айтыс өте тартысты өтті. Ағаларыма, барша көрермендерге алғысым шексіз. Бәрі де Алланың қалауымен. Бүгін осы жүлде маған бұйырған шығар. Бала-шағамның несібесіне деп білем. Шүкір.
— Сіздің әкеңіз де, ініңіз де өлеңге, жырға жақын. Бір үйде үш ақын тұрғаны қиындық туғызбай ма?
-Біздің үйде үшеу емес, бес ақын бар (күлді). Мен өнерлі отбасында дүниеге келгенмін. Анам әнші, әкем ақын. Бауырларымның біреуі актер, екіншісі журналист. Өзіміз бес ағайындымыз. Бәрі де осы саланың басы-қасында жүр. Айтыс, ән, күй дегенде ішкен асымызды жерге қоямыз. Біздің қабылдауымыз бойынша, өнер-ғажап дүние.
-Айтысқа жиі шығасыз. Қазақстанда дәл осы төл өнерге не жетпейді деп ойлайсыз?
-Меніңше елімізде ұлттық өнерді насихаттауға бар жағдай жасалған. Енді бізге керегі тек қана білім. Ақындар ізденсе, айтысқа шығар алдында көбірек дайындалса, тақырыпқа сараптама жасай білсе деген ниет бар. Берілген тақырыпты жан-жақты ашып берсе, бетін ғана шолып өтпей арыдан қазып айта білу керек деп ойлаймын. Елді күлдіремін деп бос сөз, құр қалжыңға ілеспей айтыс жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Ұлтымыздың ұлы өнері болған соң, айтысқа халық ауыз әдебиеті керек. Кітап керек, ешкім айтпаған теңеу керек. Айтыстың деңгейін, көркемдігін өсіруге жұмыс істеу керек бізге. Ал қалғанының бәрі жақсы.
-Бұрынғы айтыскерлер халықты аузына қарата отырып күн-түн демей айтысатын болған. Өткен уақытқа оралайықшы. Сіз сол кезеңде өмір сүрсеңіз, кіммен айтысқан болар едіңіз?
-Дұрыс айтасың. Біздің алдымызда айлап, апталап айтыс жасалатын кезеңдер өткен. Ол уақыт мүмкін солай болған шығар. Ал қазір адамдардың уақыты жоқ. Асығыс. Сондықтан айтыс та заманға сай ықшамдалады. Тамшыдан теңіздің дәмін білесің деген бар. Ақындар бір сөзінің өзі бір түйеге, бір минуты он минутқа татитындай айтыс жасау керек. Уақытты құр жібермей, әр айтқан сөзі халыққа ой салатындай болуы тиіс. Өйткені көрерменді тәрбиелейтін біздер, сахнада жүрген өнерлі азаматтар. Айтыс-сол өнердің бір бөлшегі.
Кіммен айтысқан болар едім… Ол туралы ойланып көрмеппін. Бірақ кейде қаланың тар тіршілігінен шаршағанда бір-екі ғасыр бұрын өмір сүргенімде деген ой болатыны рас. Ол дәуірде дәл осы қалпыммен дүниеге келсем Кәрібай ақынмен айтысқан болар ем, Боқбасар бимен сөз таластырар едім. Өмірімде бір рет болсын Жамбыл Жабаевты көрсем арманым болмас еді. Мүмкін айтысқа да түсетін шығармыз…Біз үшін аңыз адам ғой. Жәкеңнің тірі кезін көрсем деген арманның бір минутын бір жылға қияр едім. Осы менің орындалмайтын армандарым. Десе де өткенге құрметпен қарамасаң, келешегің жарқын болмайды. Бұл менің отбасымнан алған тәрбием.
-Өткен шақтан беріге ауыссақ. Бүгінгі айтыс туралы айтайықшы. Қазіргі айтыскерлердің ішінде сайысқа түсуден сескенетін ақыныңыз бар ма?
-Маған ауыр қарсылас болған ақын біреуге жеңіл қарсылас болып көрінуі мүмкін. Меніңше барлық ақынның қылын тауып, ыңғайын келтірсең именетін түгі жоқ. Егер мынау маған ауыр қарсылас десең, демек сенің ол ақын туралы ақпаратың жоқ деген сөз. Бәсекелесіңді дұрыс зерттемегеніңнің көрінісі. Айтқым келгені ауыр қарсылас деген болмайды, тек айтысқа түскелі тұрған әріптесіңнің табиғатын дұрыс меңгере алмағандықтан осындай жағдайлар болып тұрады. Бұрын мен қатты қиналатынмын. Қарсыласым кім болады, қазір қалай айтысамын деген ой мазалайтын. Уақыт өте келе жиған білімім мен тәжірибемнің арқасында ауыр қарсыластарым жеңіл қарсыласқа айналып келе жатыр. Жас ақындарға да айтарым оқыңдар, білім алыңдар, көп ізденісте болыңдар.
-Алғашқылардың бірі болып өнер көрсеттіңіз. Айтыс сахнасында бірінші болып бастаған ыңғайлы ма, әлде барлық айтыскерлердің айтысын көріп барып соңында шыққан қолайлы ма?
-Сахнаға қай кезде шықсаң да, ең бастысы айтыс жасай білу керек. Ал қалғанының бәрі де ғайып дүние. Баққа байланысты. Кейде елдің соңында шығып бірінші айтысқан жұптың деңгейіне жете алмай қалуымыз мүмкін. Ал кейде дәл осыған кереғар жағдайлар орын алып жатады.
-Бүгінде айтыскерлер арасында аға буын өкілісіз. Артыңыздан еріп келе жатқан жас іні-қарындастарыңызға қандай кеңес бересіз? Мықты айтыскер болу үшін кімнің мектебінен өткен дұрыс?
-Сұрағың өте орынды. Жақында жас айтыскерлердің айтысына бардық. Елу төрт ақынның ішінен он алты ақынды, яғни сегіз жұпты іріктеп алыпты. Шыны керек, көңілден шықпады. Үміт ақталмады. Неге? Өйткені жастар ізденбейді. Бәрінің айтатын ойы бір. Жалпылама шолу жасап, сүттің бетіндегі қаймағын ғана жейді. Бірақ сүтті де ішу керек қой. Бір ғана мысал, жастарымыз Қытайға кетіп жатыр, қыздарымыз өзге елдің азаматына тұрмысқа шығып жатыр дейді. Бірақ олар неге өзге мемлекетке кетуде, мүмкін қандай да бір себеп бар шығар деген сұрақты жауапсыз қалдырады. Депуттардың бәрі бірдей ұйықтап жатыр, жұмыс істемей жатыр деп айта алмаймыз. Бір биеден ала да, құла да туады деген аталы сөз бар. Сондықтан мынау жаман екен деп екіншісін лақтыра салуға тағы болмайды. Бес саусақ бірдей емес. Мүмкін билікте керітартпалар бар шығар. Болған екен деп бас салып жамандай беруге де біздің қақымыз жоқ. Оқ атқан деген осы екен деп орманға қарай атуға болмайды. Қасқырға атқан оғың аққуға немесе ешкімге қиянаты жоқ бір аңға тисе, ол қиянат болады. Айтыс та сол сияқты-аузыңнан шыққан әр сөзге дәлел керек, сараптама керек. Еліміздің болашағы үшін, экономикасы үшін жасалынып жатқан дүниелер аз емес. Сондықтан осындай нәрселерге мұқият болу керек. Жас ақындар осыны ескерсе екен. Ұпай аламын, шапалақ жинаймын деп өзі білмейтін тақырыпқа тұмсығын сұғып қажеті жоқ. Көрпеңе қарай көсіл, шамаң жеткен жағдайды айт. Саған ешкімнің қарсылығы жоқ. Оқы, ескі айтыстарды қара, ізден. Адам бірінші өзін тәрбиелеуі тиіс, сонан соң ғана отбасыңа, отаныңа тәрбие бере аласың. Осы сұхбатты оқыған адам болса, кімге ненің айтылып отырғанын білер еді…
-Бір сұхбатыңызда айтыс-менің хоббиім депсіз. Айтыстан басқа табыс көзіңіз бар ма?
-Айтыс-менің жан құмарым. Ол өте ауыр жанр. Сондықтан айтысқа өмірін арнайтын жандар көп емес. Қазақстанда мың жарым әнші бар. Ал айтыскерлердің саны ары кетсе елу шақты. Көрдіңіз бе. Әншілер айтыскер болып кетпейді, бірақ айтыскерлер әнші бола алады. Бір айтыстан алған жүлдең сол күнгі жолақыңа, тіктірген киіміңе жетпей қалуы мүмкін. Мәселе бұда емес. Жасаған ісіңнен ләззат ала білуде. Өзім айтысқа жиі шығамын. Бір жағынан жасайтын жұмысым, екінші жағынан хоббиім, тағы айналдырып қарасаңыз алатын ақшам. Ашық айтайын, айтыстың нанын адал жеп отырмын. Бұдан өзге қазақтың тойы, түрлі дәстүрлері бар. Сыйлап шақырған жерден қалмаймыз (күлді).
-Әңгімемізді Әулиета өңірі туралы сұрақпен аяқтасақ. Тараз туралы не айтасыз?
-Тараз-тарихпен бірге жаратылған төлқұжат. Тарих бар жерде Тараз бар. Аспан мен Жер пайда болғалы бері жаратылған дүниелер бар. Тараз осындай. Таразға жиі келемін. Халқының қошеметі ұнайды. Тоғыз жолдың торабына ары өткенде, бері өткенде міндетті түрде соғып тұрамын. Әдемі айтылған мына бір аталы сөз есіме түсіп тұр. «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың».
-Әңгімеңізге рахмет!!!
Сұхбаттасқан МӨЛДІР ҚУАТҚЫЗЫ