Тараз қаласының прокуратурасында қала прокуроры Бекзат Сеилханов қала тұрғындары арасында жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында прокурор тұрғындарды мазалап жүрген жеке сұрақтарына заң жүзінде тұшымды жауаптар берді. Атап айтқанда ол күні алаяқтарға алданып, сан соғып қалғандарға заң жүзінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, істі бақылауға алатындығын жеткізді.
Жалпы бүгінде қалалық прокуратураға арыздарын арқалап келетіндердің қарасы көбейген. Осыны ескерген қала прокуроры Бекзат Сеилханов арнайы бөлме қарастырып қойыпты. Ол бөлмеде күнделікті екі прокурор тұрғындардың өтінішіне құлақ асады екен. Ал қала прокурорының өзі жетісіне бір рет тұрғындарға қабылдау жүргізеді. Жыл басынан бері құзырлы органға 3 мыңнан аса арыз түскен болса, оның 20 пайызы қанағаттандырылыпты. Ал қалғандарына заң жүзінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Негізінен онда түсетін арыздардың басым бөлігі қылмыстық қудалау мен сот орындаушыларына қатысты екен. Арыздардың барлығына қалалық прокуратура дер кезінде түбегейлі шешіп тастамаса да заң жүзінде тиісті шараларды атқарады. Қазіргі таңда облыс орталығында 3 полиция бөлімдері бар. Олардың әрқайсысына 2 прокурордан бекітіліпті. Полиция бөлімдерінде олар процедуалдық және процестік істер мен сол жерде тіркелген арыздарды дер кезінде қарап, қысқа мерзімде аяқталған істерді сотқа жіберіп отырады. Мұның барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар деп түсінуге болады.
TURANINFO.KZ