Жуалы ауданы халқына жаңадан ХҚКО ғимараты қолданысқа берілмек
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің қолдауымен Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына жаңа ғимарат сатып алынатыдығы туралы «TURANINFO» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті 15 сессиясында облыстық бюджетке өзгертулер енгізілген болатын. Нəтижесінде облыс әкімдігі қаржы басқармасына Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына жаңа ғимарат сатып алуға қаржы бөлінді. Шыны керек, Жуалы аудандағы ескі ғимарат халыққа қызмет көрсету емес, қиыншылық көрсетуге арналғандай болатын.
Оны облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ мүшесі, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ президенті, блогер Исламбек Дастанның тікелей эфирлерінен байқаған болатынбыз.
«Екі қабатты ғимарат Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы аулындағы Жібек жолы көшесінде орналасқан, барлығы 1000 шаршы метрді құрайды. 1 қабатты халыққа қызмет көрсету орталығы болса, екінші қабатқа аудандық жер қатынастары бөлімі мен аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі орналасуға келісімдерін берді» — деп мәлімеді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Данияр Медетбеков.
Билік өкілдері қоғамның сын-ескертпелерін ескеріп, нағыз құптарлық іс жасады.
TURANINFO.KZ