«Өрісті жол — елге жеткізер, өзен, су-көлге жеткізер, соқпақ-жолға жеткізер,жол- молға жеткізер»,- деп дана халқымыз тауып айтқан. Екісінің бірі айыр көмей абыз, күміс көмей шешен халық «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді» деген емес пе еді.
1991 жылдың 1 желтоқсаны тарихтың шежіре кітабына тіркелетін халқымыздың бірлігі сынға түскен шақ, ел тарихындағы ерекше күн болатын. Басы бірікпеген халықтың мұратына жеткені жоқ. Осы күні сайлаушылардың бірауыздылығымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент болып сайланғаны белгілі. Бұл ел халқының алдындағы Н.Назарбаевтың беделінің жоғары екендігін көрсетіп берді.
Егемен Қазақстанды құру жөніндегі ата-бабаларымыздың тарихи аманаты орындалып, Н. Назарбаев елді жарқын болашаққа бастап, әлем елдеріне, олардың басшыларына өзін танытуға, мойындатуға тиіс болатын, оның ұйытқы болуымен республикамызда әлемдік маңызы бар істер атқарылуы қажет еді.
Тарихтың талай бұралаң белесіндегі тар жолдан өткен халқымыздың басына бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, зар заманға да тап болып, ашаршылыққа ұрынып, енді еңсе көтеріп келе жатқан кезі болатын. «Керуен басы түзелмей, көш түзелмейді» дегендей Қазақстанның тағы бір танылған осындай саяси кәмелеттігі алдағы талай асар белестер мен алар асуларды бағындыратын Көшбасшының ұлы жолын айқындап бергендей еді.
Ержүрек те, қонақжай, еркіндікті сүйетін халқымыз достарына ақкөңіл, жолаушыға қайырымды, жауларына аяушылықты білмеген. Табиғат шешендікті де, әзіл мысқыл сезімін де, сонымен бірге Рух еркіндігін де, жерінен де кең пейілді, ерлерін құрмет тұтатындай асыл қасиеттерді де берген. Сол ақпейіл халқымыз «Ердің асылы ісінен білінеді» немесе «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп басшының парасат-пайымына талап қойған-ды.
Кездескенде «Жол болсын!» деп, ақ жол тілейтін қазақ жол ұғымын қасиет тұтқан. Ал еліміз тәуелсіздік жолына бет бұрған тұста, Елбасылық жолда ел қалауы, халық таңдауы баянды болды.
Қазақ жұртының басын қосып, жерін кеңейтуге, іргесін нығайтуға, күшті мемлекетке айналдыруға күш салған ел басқарушыларын халық тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен, «Есім ханның ескі жолы» деп, сауда қатынасын қолға алған, Қытайға қарай сауда жолын салған жолды «Хан жолы», «Абылай жолы» деп атаған.
Ал бүгінгі ақжарылқап заманда «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген тіркес пайда болды. Бұл- Президентіміздің жанқиярлық еңбегі мен қажыр қайратына деген халықтың шексіз алғысының , ыстық ықыласының көрінісі.
Халық қолдап жатса, ешкім назардан тыс қалмайды. Ал бұл кісінің басында бәріміздің, күллі халықтың тұтас қамы жатыр. « Басқан ізің- тындырған ісіңнің тілсіз куәсі» дегенді еске алсақ, Еліміздің келешегін көркейтетін тірліктің тұтқасын ұстаған Елбасының күш салуымен мемлекеттің нышандары белгіленді.
Тәуелсіздігіміздің жолына түскен алғашқы сәттерден бастап Тұңғыш Президентіміз халыққа берген антын қалтқысыз орындауда, мемлекетіміздің іргетасын қалап, негізін салды, Туын көтеріп, оны дүниежүзілік қоғамдастыққа танытып, мойындатты, әлемдік дәрежеге сыйлатты. Еліміз кешенді реформалардан, түбегейлі өзгерістерден өтті, өміршең бастамалар дүниеге келді.Тұңғыш Президентіміз,Ұлт Көшбасшысы елді ең қиын қайшылықтар мен тұйықтан шығарды. Жақсылық пен жасампаздықты мақсат етті.Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ғасырға жүк болатын ауқымды істер атқарылып, еңсемізді тіктеп, бәсекеге қабілетті, болашағы кемел мемлекетке айналдық, қалыптасу кезеңін артқа тастап, барлық дағдарыстарға төтеп беріп, шыңдалып, дамудың даңғыл жолына қадам бастық.
«Халқын пір тұтқанды халқы ұлы тұтар» деген халқымыз ел ағасыз болмайтынын қадап айтқан.
«Президент дегеніміз- өз елінің тәрбиелі тұтқасы»- деген еді бір кездері ұлт зиялысы Ж.Аймауытов. «Маңдайыма жазған ғұмырдың әр күнін, әр сағатын еліме, жеріме арнағым келеді. Сол қамшының сабындай қысқа ғұмырда халқыңның көшінің басында жүруден, ұлы істеріне тікелей араласудан артық қандай мәртебе керек?! Ары үшін жанын садаға ететін қазақтай қасиетті халықтың, осы елдегі сан түрлі ұлттың баласының басын қосып, басшылығында жүру тұрмақ, қосын тігіп, қосшылығында жүрудің өзі жаныңды тербейтін бақыт емес пе? Елім дейтінің, жерім дейтінің рас болса тарихтың осындай тар тұсында жан тыныштығыңды ғана ойлап,жайбарақат жата аласың ба? Мен жата алмаймын»,- деп жазды әлем сахнасындағы шебер саясаткер, халқын өзегін үзе құрметтейтін, халқының нұрлы болашағына нық сеніммен қараған Нұр-ағаң.
Ұлтының ұпайын түгендеп отырған, келешегінің келісті болуы үшін нұрлы жолмен нық қадамдап келе жатқан Елбасын халқы төрде ұстап, төбеге көтеріп отыр. Бұл да –есті елдің еншісіндегі қасиет.
«Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылып,тауаны қайтпай қоймайды. Ел көшін бастау-маған сын, мені қостау- елге сын» деген еді ақпейіл де жомарт халықтың болашақ тағдырын, мемлекетінің тәуелсіздігін ойлаған, осы жолда күш-қайратын, білім-білігін, парасат –пайымын жұмсаған, биік беделге соншалықты ие тұғырлы тұлға Н. Назарбаев.
«Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Сондықтан барыс-келіс пен алыс- беріс жол қатынасы айрықша маңызға ие.
Жол- шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Жолдар-Қазақстан үшін өмір желісі…Біз Жалпы ұлттық идеямыз- Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық»- деп атап көрсетті Елбасы. Шындығында, ғасыр жүгін арқалаған жылдар еліміз үшін баянды болды, ортақ мақсат үшін ауқымды істер атқарылды. Әрине, біздің басты байлығымыз- елімізді мекендеген халықтарымыздың ауыз бірлігі. Солардың қақтығыссыз, қағажу көрмей, туыстықтың туындай тәуелсіздік туының астында күн кешуі өзгелерге жағымды пікір тудыратындай еді. Бұл орайда «Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады»,-дегшен еді Елбасымыз.
Бұл күндері Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да бір бірін толықтыратын құнды құжаттар ретінде көпшілік қолдауына ие болды. Қазақстанның аяқ басқан үшінші жаңғыру кезеңі білім мен рухани түлеудің жарқын жолына айналуы қажет екендігі белгілі. Елбасының басшылығымен нақты реформалар қабылдап, қарқынды дамушы елдер қатарына қосылдық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған ел жаңғыруының басты бағыттарының бірі қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі болатын . Әлемдегі ең танымал жазулардың бірі болып табылатын латын қарпіне қатысты бұл күндері пайымды пікірлер мен келелі ойлар көптеп айтылып жүр. Мұндайда «Талаптының тоқпағы тасқа шеге қағады»деген батыр қазақ Б.Момышұлының сөзі еске түседі. «Таудан арқасы бардың тастан жүрегі болады» дегенге арқа сүйейміз. Себебі бізді қолдаған Үкімет, Президент, Халық бар. Сондықтан Елбасының тағы бір батыл шешімін барынша қолдауға тиіспіз.
100- ден астам мемлекет қатысқан Қазақ жеріндегі айтулы шараның бірі Астана қаласында өткен жаһандық ауқымдағы оқиға«ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударып, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастырудың үлгісі болды. ЭКСПО аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдылықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылып, энергетика және экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленді.Әрине, мұның бәрі қазақстандық жолдың іргетасын қалаған, мемлекетіміздің табысты дамуына жол ашқан, тәуелсіздік тағылымын ту еткен Елбасының ерен еңбегі.
Басшы халықтың әрбір зәру мәселесіне сергек құлақ түріп,оған елгезек көңілден үн қосып, ынтызар тілек –талабын білдіріп отырса, баянды байланыс,тұрлаулы түсінісу болады. «Рухы биік ел ғана ұлы істерді бағындырады» деген Елбасының сөзінде терең ой жатыр. Ал «елге қылған жақсылық еленбей қалмайды», қандай да бір батыл да ақылды шешімді халқының көсегесін көгерту үшін қабылдайтын Нұр-ағаға мерейіңіз үстем болсын,еліміздің қуатты әлеуетін іске асыруға бағытталған еңбегіңізге табыс тілейміз,беделіңіз биіктей берсін, нұрлы жолыңызбен Мәңгілік елдің өршіл халқын ұлы істерге бастай беріңіз,алдағы асар белестер мен алар асуларды бірге бағындырайық , жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстанның бәсекелестікке барынша қабілетті елдердің қатарына қосылу үрдісіне, халқымыздың Ата Заң талабымен күн кешуі үшін, тәуелсіздікке қызмет етуде біз аянбай қызмет ете береміз демекпіз.
Гүлвира Сатыбалдиева, Жамбыл облысы ІІД қызметкері