Жамбыл облысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» өңірлік сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Осы міндеттерді сала мамандарымен талқылау мақсатында партия кандидаттары Данияр Асқарұлы мен Сапарбеков Нұрлан Ғиззатұлы Тараз станциясына барып, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесу барысында өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және жұмыспен қамту бағытындағы жоспарлар таныстырылды.
Кездесуде өңірлік бағдарламаның «Қуатты өңірлер» бағыты аясында көзделген инфрақұрылымдық жобаларға назар аударылды. Атап айтқанда, 2031 жылға дейін облыстағы 456,5 шақырым автомобиль жолын жаңғырту, 30 елді мекенді газбен қамту, 1,2 мың шақырым су құбырын жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар Тараз, Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларындағы 70,5 шақырым жылу желісін жаңғырту көзделген.
Аталған жобалар өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға, елді мекендердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейтуге және логистикалық байланысты дамытуға бағытталған. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру теміржол станциялары мен жүк тасымалына қатысты нысандарға қатынауды жеңілдетіп, көлік түрлері арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесі де талқыланды. Бағдарламада 2031 жылға қарай ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу міндеті белгіленген. Осы мақсатта облыстың 164 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу, шалғайдағы 83 ауылды 4G желісіне қосу, 37 жаңа базалық станция орнату және аудандық деңгейде 10 IT-хаб ашу жоспарланып отыр.
Кандидат Сапарбеков Нұрлан Ғиззатұлы цифрлық инфрақұрылымның маңызына тоқталып, оның көлік саласындағы ақпарат алмасу мен заманауи технологияларды енгізу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – тұрақты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру. «Сенімді жұмыс» бағыты аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 63,1 мың адамды қамту көзделген. Бұдан бөлек, 116 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Кандидат Данияр Асқарұлы бұл міндеттердің өңірдің еңбек нарығын дамытуға және тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына бағытталғанын жеткізді. Сонымен қатар теміржол саласының дамуы білікті техникалық мамандарға, кәсіби даярлыққа және тәжірибелі қызметкерлерге тікелей байланысты екенін атап өтті.
Кездесу барысында теміржолшылар да саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, еңбек жағдайы мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Кандидаттар ұжым пікірін тыңдап, өңірлік даму жоспарларын жүзеге асыруда сала мамандарының тәжірибесі мен ұсыныстары маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында партия кандидаттары еңбек ұжымын 29 қарашада өтетін Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына қатысып, «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырды.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.






