Шу ауданында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, өңірдің энергетикалық әлеуеті қарқынды түрде артып келеді. Бұл бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – француздық «Total Eren» компаниясының қатысуымен іске асырылған, қуаттылығы 100 мегаватт болатын «ШУ-100» күн электр станциясы. Күн белсенділігі жоғары бұл аймақта ірі өндірістік нысандардың болуы және инфрақұрылымның даму перспективалары электр энергиясына деген қосымша сұранысты қалыптастырып отыр. Жалпы құны шамамен 60 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба станция толық қуатымен жұмыс істей бастаған кезде өңірлік энергожүйеге түсетін салмақты азайтып, электр энергиясының тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірілген электр энергиясы Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беріліп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту үшін оқытып-дайындау да қарастырылған.
Жамбыл облысындағы жаңартылатын энергетика тек күн сәулесін пайдаланумен шектелмей, су ресурстарын тиімді игеруге де бағытталған. Шу ауданындағы Тасоткель су қоймасының маңында қуаты сағатына 2,2 мегаватт болатын гидроэлектростанция жұмыс істеп, одан өндірілетін энергия Қордай және Т. Рысқұлов аудандарының тұрғындарына берілуде. Компания бұдан бөлек екінші гидростанция жобасын жүзеге асырып, болашақта үшінші нысанды салу мүмкіндігін де қарастыруда. Бұл табиғи ресурстарды рационалды түрде пайдалануға және өңірдің энергетикалық жүйесін әртараптандыруға септігін тигізеді.
Бұған қоса, аймақта жел энергетикасын дамыту бағыты да белсенді қолға алынып, Шу ауданының Шоқпар ауылдық округінде құны 71,5 миллиард теңгеден асатын жел электр станциясын салу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 155,8 гектар жер телімі бөлініп, нысан пайдалануға берілгеннен кейін жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның қуат көздері еселене түседі деп күтілуде. Жалпы алғанда, Жамбыл облысының географиялық орналасуы мен табиғи ерекшеліктері күн және жел энергетикасын өркендету үшін өте қолайлы жағдай туғызып отыр, ал осындай нысандардың саны мен қуатын одан әрі арттыру өңірдің энергетикалық тұрақтылығын түбегейлі нығайтатын маңызды қадам.







