Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы өңірдегі тарихи мұраны анықтау, есепке алу, зерттеу, қорғау және сақтау міндеттерін жүзеге асырады. 2004 жылы құрылған мекеме тарихи нысандардың жай-күйін тұрақты бақылап, олардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге және ғылыми тұрғыдан зерделеуге басымдық беріп отыр.
Биылғы негізгі жұмыстардың бірі – Ұлы Жеңіске арналған монументтік ескерткіштердің сақталу жағдайын бағалау. 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында облыс аумағындағы осындай 244 ескерткішке мониторинг жүргізілді. Зерделеу барысында нысандардың техникалық және эстетикалық жай-күйі, аумақтарының абаттандырылуы мен күтіп ұсталуы назарға алынды. Тексеру нәтижесінде бірқатар ескерткіште жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде анықталған кемшіліктердің басым бөлігі жойылып, ескерткіштердің жалпы жағдайы қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді.
Бұл туралы Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Монументтік ескерткіштерге мониторинг жүргізу – олардың сыртқы келбетін бақылаумен ғана шектелмейтін жұмыс. Бұл – тарихи жадыны сақтаудың, қоғамдық кеңістіктегі ескерткіштердің лайықты жағдайда болуын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Өйткені әрбір ескерткіш – өткен дәуірдің үнсіз куәгері, ел басынан өткерген ауыр кезеңдерді еске салатын әрі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін құндылық.
Тарихи мұраны қорғаудың құқықтық негізі де назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда Жамбыл облысында жалпы саны 3471 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның ішінде жергілікті маңызы бар 735 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Солардың 302-сіне тұрақты жер пайдалану құқығын растайтын мемлекеттік актілер әзірленген. Ал 433 ескерткіш бойынша мұндай құжаттар әлі рәсімделмеген.
Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 2026 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен бірқатар ауданда жерге орналастыру құжаттарын әзірлеу жұмыстары қолға алынған. Қалған аудандар бойынша қажетті қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер жолданған. Жұмыс барысында ескерткіштердің орналасқан жерін нақтылау, кадастрлық жоспарларын әзірлеу, шекаралары мен аумағын белгілеу және мемлекеттік актілерін рәсімдеу мәселелеріне басымдық берілуде. Мәселен, Шу ауданындағы 12 археологиялық нысанның жер учаскелеріне қатысты кадастрлық жоспарлар әзірленіп, шекаралары нақтыланған.
Мұндай шаралардың маңызы зор. Өйткені тарихи нысанның құқықтық мәртебесі мен жер шекарасының нақты белгіленуі оның сақталуына кепіл болатын негізгі шарттардың бірі. Құжаттары толық рәсімделген ескерткіштерді қорғау, олардың аумағында заңсыз құрылыс жүргізу немесе жерді мақсатсыз пайдалану тәуекелдерінің алдын алу да жеңілдейді.
Далалық зерттеулер жаңа тарихи деректердің бетін ашып отыр. Жыл басынан бері облыстың бірқатар ауданында археологиялық және тарихи нысандардың қазіргі жай-күйі зерделеніп, олардың сақталу деңгейіне баға берілді. Сонымен қатар қорғау аймақтарының талаптарға сәйкестігі тексеріліп, анықталған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар әзірленді.
Байзақ ауданындағы Ботамойнақ тауының Қарасай және Қамыстыбұлақ шатқалдарында бұрын мемлекеттік тізімге енгізілмеген жартас суреттері анықталған. Мамандар олардың географиялық координаттарын белгілеп, фотофиксация жұмыстарын жүргізген. Бұл деректер алдағы уақытта нысандарды құжаттандыруға, ғылыми тұрғыдан зерттеуге және тарихи мұра тізіміне енгізу мәселесін қарастыруға негіз болады. Ал Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалында жүргізілген археологиялық барлау кезінде петроглифтер кешенінен көне түркі руникалық жазуы табылған. Нысан цифрлық тіркеуден өткізіліп, құжаттандыру және алдын ала ғылыми талдау жұмыстары атқарылған. Мамандар жазудың алғашқы оқылым нұсқасын «Менің ер атым – Аба» деп ұсынған. Дегенмен оның толық мәтінін, мерзімін және тарихи-мәдени мәнін нақтылау үшін зерттеу жалғасып жатыр. Меркі ауданындағы Меркі-8 петроглифтеріне де далалық зерделеу жүргізіліп, ерте темір дәуірі мен орта ғасырларға жататын бейнелер мен руна жазуларының сақталу жағдайы қарастырылған. Мұндай зерттеулер өңірдің тарихи келбетін тереңірек тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, әлі де толық зерттелмеген мұра нысандарын анықтауға жол ашады.
Тарихи мұраны сақтау – оны қоғамға танытумен де тығыз байланысты. Осы бағытта жоғары оқу орындарымен жасалған меморандумдар аясында студенттерге тарихи-мәдени ескерткіштердің маңызы туралы дәрістер оқылып, тарихи орындарға танымдық экскурсиялар ұйымдастырылуда. Мекеме қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу мақалалары да жарияланып, өңірдің тарихи мұрасын зерделеу мен насихаттауға үлес қосып келеді.
Бұған қоса, «Заң және тәртіп» жобасы шеңберінде тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты заңнамалық талаптар түсіндіріліп, ескерткіштерге құрметпен қарау, оларды бүлдіруге жол бермеу және вандализмнің алдын алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында тарихи орындар мен ескерткіштердің аумақтарында тазалық және абаттандыру шаралары ұйымдастырылып келеді.
Алдағы кезеңде тарихи-мәдени мұра нысандарын түгендеу мен құжаттандыруды жалғастыру, жер учаскелеріне қатысты мемлекеттік актілерді кезең-кезеңімен рәсімдеу, ескерткіштердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу және жаңадан анықталған археологиялық нысандарды ғылыми тұрғыдан зерттеу көзделген.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







