Жасанды интеллект мүмкіндіктері кітапхана саласында да кеңінен қолданыла бастады. Заманауи цифрлық технологиялар әдеби мұраны насихаттауға, оқырман қызығушылығын арттыруға және ақпаратты ұсынудың тың тәсілдерін қалыптастыруға жол ашып отыр. Осы бағытта Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында бірқатар жобалар жүзеге асырылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, цифрлық технологиялар дәуірінде жасанды интеллект қоғам дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналуда. Бұл үрдіс кітапхана қызметін ұйымдастыруға да жаңа мүмкіндіктер ұсынып, оқырманға ақпарат жеткізудің заманауи форматтарын дамытуға ықпал етеді.
Бұл туралы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.
Кітапхана мамандары жасанды интеллект көмегімен қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларын жаңа форматта таныстыруға басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Дулат Исабековтің «Гауһартас», «Бекет», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» шығармалары негізінде көркем әрі заманауи материалдар әзірленген. Сонымен қатар отандық және шетелдік қаламгерлердің еңбектері де цифрлық мүмкіндіктер арқылы оқырман назарына ұсынылды.
Ұлттық әдебиет пен мәдени мұраны дәріптеу мақсатында ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық материалдар, бейнероликтер және түрлі іс-шараларға шақырулар дайындалды. Олардың қатарында Бақытжан Әлімқұлов, Серік Томанов, Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев пен Ілия Жақанов сынды тұлғалар бар. Сондай-ақ Меруерт Өтекешованың туған күніне орай «Қазақтың Қыз Жібегі» атты бейнематериал әзірленіп, «Жыр алыбы – батыр ұлын бағалаған сәт» атты тарихи-танымдық жұмыс көпшілікке таныстырылды.
Мерекелік күндерге арналған жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Наурыз мейрамына орай 14 наурыз – Көрісу күніне, 19 наурыз – Жаңару күніне және 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне арналған құттықтаулар мен арнайы бейнежобалар әзірленді. Бұл материалдар ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға және мерекенің мазмұнын заманауи форматта жеткізуге бағытталған.
Бұдан бөлек, «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» атты жасанды интеллект көмегімен әзірленген кітап көрмесі ұсынылды. Онда туған жер тақырыбын арқау еткен шығармалар жаңа үлгіде таныстырылды. Кітапхана қызметінің маңызын түсіндіруге арналған «Кітапхана – білімнің бесігі, руханияттың алтын ордасы» және «Кітап – асыл қазына» атты бейнематериалдар да дайындалды. Сонымен бірге Ұлттық кітап күні мен республикалық кітап фестивалі аясында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілді.
Оқырмандардың кітапқа деген ынтасын арттыру үшін әртүрлі жанрдағы әдеби шығармаларды таныстыруға да көңіл бөлінген. Қазақ әдебиетінің өкілдері Баймаханбет Ахмет, Сәмен Құлбарақ, Ақберен Елгезек, Бағдат Қалаубай, Төлен Әбдік, Ілияс Есенберлин және Кемел Тоқаевтың туындыларымен қатар, әлем әдебиетінің белгілі шығармалары да заманауи тәсілдер арқылы насихатталды.
Атап айтқанда, Фрэнк Герберттің «Дюна», Дж. Р. Р. Толкиннің «Сақиналар әміршісі», Йоханна Спиридің «Хайди», Уильям Фолкнердің «Сарторис» туындылары көркемдік және цифрлық құралдар көмегімен оқырманға таныстырылды. Мұндай жұмыстар әдеби шығармалардың мазмұнын өзгеше қырынан ашып, әртүрлі жастағы аудиторияның назарын аударуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жасанды интеллектіні кітапхана жұмысына енгізу әдеби мұраны насихаттаудың жаңа бағыттарын қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы кітапхана дәстүрлі қызмет түрлерін жаңғыртып, оқырманмен байланыс орнатудың заманауи тәсілдерін дамытуда. Бұл өз кезегінде кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, ұлттық және әлемдік әдебиетті кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







