Жамбыл облысында марқұм Серік Көбесовтің денесін жерленген жерінен қазып алып, эксгумация жасауға рұқсат берген сот қаулысына оның әкесі Алмұрат Көбесов шағым түсірді. Оның мүддесін адвокат Лола Врублевская қорғап отыр.
Жеке шағымда көрсетілгендей, Байзақ аудандық сотының тергеу судьясы А.С. Назаркулов 2026 жылғы 9 қыркүйекте облыстық полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі А.Е. Абдиганиевтің өтінішін қанағаттандырып, Тараз қаласындағы «Зеленый ковер» зиратында жерленген Серік Көбесовтің денесін эксгумациялауға санкция берген.
Отбасы сот қаулысын 15 күннен кейін алғанын айтады
Марқұмның әкесінің мәлімдеуінше, ата-анасы мен олардың адвокаты сот қаулысының көшірмесін тек 24 қыркүйекте алған.
Шағымданушы тарап осы уақытқа дейін тергеуші де, сот та оларды эксгумация мәселесінің қаралып жатқаны және қабылданған шешім туралы хабардар етпегенін алға тартады. Осыған байланысты отбасы шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұрап отыр.
Сараптама мекемесінің жауабына сілтеме жасалды
Шағымдағы негізгі уәждердің бірі — Шымкент қаласындағы Сот сараптамалары институтының 2026 жылғы 4 қыркүйектегі жауабы.
Отбасы ұсынған құжат мәтініне сәйкес, институт тергеушінің комиссиялық сараптама тағайындау туралы қаулысын орындамай қайтарған. Шағымда сараптама мекемесі өлім себебін медициналық құжаттардың негізінде анықтауға болатынын түсіндіріп, қылмыстық іс бойынша қолда бар материалдар мен объектілер негізінде кешенді сараптама жүргізуді ұсынғаны жазылған.
Осыған байланысты марқұмның туыстары эксгумацияға бірден барудың қажеттілігі сот қаулысында жеткілікті негізделмеген деп санайды.
«Жұбайының ғана келісімі алынған»
Жеке шағымда тергеушінің марқұмның жұбайынан жазбаша келісім алғаны да дауланып отыр.
Әкесі мен адвокаттың мәлімдеуінше, марқұмның ата-анасына эксгумация туралы алдын ала хабар берілмеген. Олар тергеу органы бір жақты әрекет етті деп есептейді.
Шағымда марқұмның жұбайының қазіргі уақытта АҚШ-та тұратыны туралы да айтылған.
Қайғылы оқиғаға бір жылға жуық уақыт өткен
Шағым мәтініне сәйкес, Серік Көбесов 2025 жылғы 11 қазанда қайтыс болған.
Отбасы іс материалдары мен куәгерлердің көрсетулеріне сүйене отырып, болған жағдайды аңшылық кезінде орын алған қайғылы оқиға деп сипаттайды. Сонымен бірге Жамбыл облысы прокурорының орынбасарының 2026 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен тергеу қайта жандандырылып, беттестіру, куәлардан жауап алу және уәждерді тексеру қажеттігі көрсетілгені жазылған.
Алайда шағымданушылардың пікірінше, тергеу органы осы әрекеттердің орнына эксгумация мәселесіне көшкен.
Отбасы рухани және моральдық себептерді де алға тартты
Марқұмның ата-анасы эксгумацияға діни тұрғыдан да қарсылық білдірген.
Олар ислам дәстүрінде қайтыс болған адамның сүйегіне құрметпен қарау қажеттігін айтып, жерленгеннен кейін бір жылға жуық уақыт өткен соң қабірді қайта ашу отбасы үшін ауыр моральдық соққы болатынын жеткізген.
Сондай-ақ шағымда ата-анасының қабір басына 2,8 млн теңгеге ескерткіш орнатқаны, қазіргі уақытта марқұмның жылдық асына дайындалып жатқаны көрсетілген. Отбасы эксгумация кезінде ескерткішті бұзу материалдық шығынға әкелетінін де алға тартады.
Әкесі соттан не сұрап отыр?
Алмұрат Көбесов пен оның адвокаты соттан жеке шағым беру мерзімін қалпына келтіруді, Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 9 қыркүйектегі эксгумацияға санкция берген қаулысын жоюды және тергеушінің эксгумация жүргізу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуды сұрап отыр.
Әзірге бұл талаптар бойынша жоғары тұрған соттың қандай шешім қабылдағаны ұсынылған материалда көрсетілмеген.
Маңызды: мақаладағы тергеушінің әрекетіне, сараптаманың мүмкіндігіне және өзге тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты бағалаулар — марқұмның әкесі мен оның адвокатының жеке шағымында келтірілген уәждер. Олардың негізділігіне түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.
TURANINFO.KZ







