Партия өкілдері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының еңбек адамын қолдау, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік қорғауды жетілдіруге бағытталған бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ бағдарлама Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарымен сабақтас екені айтылды.
Кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Жанәділ Аңқабаев ұзақ жылдар бойы зиянды өндірісте еңбек еткен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мәселесін көтерді. Ол еңбек өтілі жеткілікті азаматтардың 55 жастан бастап жұмыстан шығып, зейнет жасына дейін арнайы әлеуметтік төлем алуына мүмкіндік беретін мамандықтар мен лауазымдар тізімін қайта қарауды ұсынды.
Зауыттың бас инженерінің орынбасары Қайсар Алдахметов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақты пайдалану бағыттарын кеңейту, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндіктеріне тоқталды. Ал кәсіпорынның эколог-инженері Нұрлан Айбосын жұмыс істейтін жастар үшін баспананың қолжетімділігі мәселесін көтерді.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Матжани партияның сайлауалды бағдарламасында тұрғын үй саясатына қатысты бірқатар бастама қарастырылғанын айтты.
Оның айтуынша, жан басына шаққандағы тұрғын үймен қамту көлемін 25 шаршы метрден 30 шаршы метрге дейін ұлғайту, тұрғын үй несиесін алу рәсімін цифрландыру арқылы жеңілдету жоспарланған. Сонымен қатар шамамен 30 мың апатты және ескі тұрғын үй иесін жаңа баспанамен қамтамасыз ету, ал үлестік құрылыс нысандары толық аяқталғаннан кейін 3 мыңнан астам отбасының пәтер алуына мүмкіндік жасау көзделген.
Кездесуде сөз алған «Қазфосфат» қызметкері Батырбек Кұлекеев кәсіпорында «Әділет» партиясының 200-ден астам мүшесі еңбек ететінін айтып, ұжым партия бағдарламасындағы еңбек адамын қолдауға бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Кандидаттардың айтуынша, партияның республикалық сайлауалды штабы өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, тұрғындар мен еңбеккерлердің ұсыныс-пікірлерін жинауды жалғастырады.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.









