Облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының 215-шақырымында күдік тудырған Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатқан. Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының талабына бағынбай, тас жолдың жиегімен қашуға ұмтылған. Кейін анықталғандай, ол рульге есірткілік масаң күйде әрі жүргізуші куәлігінсіз отырған.
Көлікті тінту кезінде Сэм есімді қызметтік-іздестіру иті жүк салғышқа белгі берген. Нәтижесінде қара пакеттерге тығылып, төрт қапқа салынған есірткі заты табылды. Сараптама сараптамасы тәркіленген заттың салмағы 43 келіден асатын кептірілген марихуана екенін растады.
Ұсталған жолаушы бұл жүк тасымалын Алматы қаласына жеткізуді жоспарлағанын мойындады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ал көлікті есірткілік масаң күйде және құжатсыз басқарған жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ол да қамауға алынды. Қылмыстық істің өзге де мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жалғасуда.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







