«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін насихаттау мақсатында Шымкент қаласынан жолға шыққан мотоцикл жүргізушілер қаламызға табан тіреді.
Еліміз үшін маңызы бар шараға орай ұйымдастырылған ілкімді шараны Оңтүстік Қазақстан облысы мотоцикл жүргізушілері федерациясы «Астана – ЭКСПО-2017» ұранымен қолға алған. Байкерлер тобы Шымкент қаласынан жолға шығып, Түркістан, Қызылорда, Байқоңыр, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Астана, Қарағанды, Балқаш, Алматы қалаларын басып өткен. Оңтүстік астанадан кейін біздің қаламызға табан тіреп отыр екен. Оларды шаһардың шығыс қақпасынан қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай бастаған топ күтіп алды. Кенжебек Мамашбайұлы байкерлерге ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жеткізді.
Оңтүстік Қазақстан облысы мотоцикл жүргізушілері федерациясының президенті Рүстем Базарбеков 7100 шақырымды артқа тастағандығын және жолда ешқандай қиындықтарға ұшырамағандықтарын алға тартады.
– «ЭКСПО-2017» туымен еліміздің біраз қалаларында болдық. Осы арқылы халықаралық көрмені насихаттауға атсалысуға тырыстық. Бізді барлық өңірдің басшылары жылы жүзбен күтіп алып, ықыластарын білдірді. Жалпы, жолға шыққан байкерлердің барлығы федерация мүшелері. Әрі олардың басым бөлігінің жастары елуді еңсерген ел ағалары. Соған қарамастан барлық жолды оңай еңсеріп келеді. Олардың астындағы мотоциклдері жеке өздерінікі. Мәселен, менде көлемі 0,7-ні құрайтын «Хонда» маркалы мотоцикл. Оның бойында 70 аттың күші бар және сағатына 180 шақырыммен жүруге қауқарлы. Дегенмен, біз сағатына 120 шақырымнан асырмай, жол ережелерін қатаң сақтадық. Осының арқасында жолға шыққан 16 күннің ішінде ешқандай оқыс оқиға орын алған жоқ, – деген ол Тараз қаласы әкімдігіне қонақжайлылығы үшін зор алғысын жеткізді.
Осылайша, шаһарда бірер сағат аялдаған мотобайкерлер темір тұлпарларына техникалық тексеру жүргізіп, Шымкент қаласына қарай аттанып кетті.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ