Құрықталғандардың арасында бұрын сотты болған қылмыстық орта өкілдері де бар. Күдіктілер мегаполис аумағында қару қолданып бұзақылық жасау, бопсалау, адам денсаулығына ауыр зиян келтіру және қару-жарақтың заңсыз айналымы сияқты бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар деп айыпталуда.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері 21 санкцияланған тінту жұмысын жүргізіп, едәуір көлемде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тәркіледі. Тәркіленген заттардың ішінде атыс және травматикалық қарулар, кесілген мылтықтар мен Калашников автоматы табылды. Ерекше айта кететін жайт, аталған автоматтың 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облыстық полиция департаментінен ұрланғаны ресми түрде расталды.
Қазіргі таңда топтың барлық мүшелері соттың санкциясымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың басқа да заңсыз әрекеттерін және олармен сыбайлас болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау бағытындағы жедел-тергеу жұмыстарын жалғастыруда. ІІМ өкілі Қуандық Алпыстың мәлімдеуінше, мұндай іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде жүргізіле береді.







