Отандық былғары қолғап шеберлері жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленіп, қазақ бокс мектебінің әлемдік деңгейдегі биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы айтулы жетістікке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларды арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ақорда таратқан ақпаратқа сүйенсек, Президент өз құттықтауында жеңіс тұғырына көтерілген әрбір спортшының еңбегін ерекше атап өткен. Атап айтқанда, Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек пен Айбек Оралбайлар, сондай-ақ бұрымды боксшыларымыз Надежда Рябец пен Дина Исламбекованың ортақ жеңіске қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшылардың алдағы дүбірлі додаларда да ел намысын абыроймен қорғап, Көк байрағымызды биікте желбірете беруіне тілектестік білдірді.
Бұл турнирде Қазақстан құрамасы медальдар саны мен сапасы бойынша көш бастады. Біздің спортшылар қоржынға 6 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль салды. Екінші орынды 5 алтынмен Үндістан иеленсе, көршілес Өзбекстан құрамасы 3 алтынмен үшінші сатыға жайғасты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізіміне тоқталсақ, Надежда Рябец, Дина Исламбекова, Сабыржан Аққалықов, Оразбек Асылқұлов, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай Азия чемпионы атанды. Күміс жүлде Бақыт Сейдіш пен Төрехан Сабырханға бұйырса, Әйгерім Саттыбаева, Валентина Хальзова, Ертуған Зейнуллинов және Махмұд Сабырхан қола жүлдені місе тұтты.







