Азаматтық қоғам – кез келген тұрақты, демократиялық мемлекеттің тірегі. Ал мұндай ашық қоғамның негізін белсенді азаматтар қалыптастырады.
15 наурыз – елдің саяси дамуы үшін маңызды күндердің бірі. Осындай жауапты кезең қарсаңында Алматы қаласында тәуелсіз бақылаушылар бас қосты.
5 наурыз күні «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы референдумға қатысты өз ұстанымдарын жариялады.
Топ құрамында саясаттанушылар Нұрболат Нышанбай, Нұргелді Әбдіғани, баспагер Бекнұр Кисиков, қоғам белсендісі Исламбек Дастан, сондай-ақ бақылаушыларды даярлау ісімен айналысатын саясаттанушы Дос Көшім бар.
Аталған азаматтар ұзақ уақыттан бері Қазақстанда бақылаушылар институтын дамытуға үлес қосып келе жатқан сарапшылар ретінде белгілі. Енді олар алдағы 10 күн ішінде еліміздің түрлі өңірлерінде тәуелсіз бақылаушыларды іріктеп, оқытып, референдум кезінде дауыс беру процесінің ашық әрі әділ өтуін бақылауға атсалыспақ.
Бастамашылардың айтуынша, бақылаушылардың басты міндеті – сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процесінің заң талаптарына сай өтуін қадағалау және қажет болған жағдайда заңбұзушылықтарды тіркеу.
Қоғам белсенділері бұл бастама азаматтық бақылау мәдениетін дамытуға ықпал етеді деп есептейді. Енді олардың жұмысы мен бастамасының нәтижесі алдағы саяси науқан барысында белгілі болмақ.







