Тараз қаласының тұрғыны, дәрігер Салтанат (аты жөні өзгертілді) отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтты. Полицияға берілген арыздардың нәтижесіз қалғандығын алға тартып отыр.
«Алғашқы соққы — үйленгеннен кейін бір күн өтпей тиді»
Некеден кейінгі алғашқы жанжал 2019 жылдың маусым айында болған.
«Ағаларының сөзімен араға от салынды. Сол кезде бірінші рет қол көтерді. Оң қолымның шынашағы шығып кетті. Кейін Таразда ота жасатуға тура келді», — дейді ол.
Сол кезеңде ол жүкті болған. Кейінгі жанжалдар да жүктілікпен тұспа-тұс келген.
«Мені инвалид арбада көргім келмейді деді»
2020 жылы ауыр жағдайда босанған Салтанат перзентханадан күйеуі қарсы алмаған.
«Ағам мен жеңгем инвалид арбамен алып кетті. Кейін неге келмедің десем, “сені сондай күйде көргім келмеді” деді», — деп еске алады ол.
Оның айтуынша, дәл сол кезеңде күйеуінің анасы да келінін қабылдамағанын ашық білдірген.
Соққы және алғашқы арыз
2020 жылдың қазанында Салтанат ми шайқалу диагнозымен ауруханаға түскен.
«Невропатолог сотрясение екенін растады. Сол кезде алғаш рет арыз жаздым», — дейді ол.
Алайда арыздан кейін ерлі-зайыптылар уақытша татуласқан.
Ажырасу, қайта қосылу
2021–2023 жылдар аралығында ерлі-зайыптылар бірнеше рет ажырасып, қайта қосылған.
2023 жылдың 8 наурызында болған соққыдан кейін іс сотқа дейін жеткен.
«4-қабаттан секірейік деді»
Ең ауыр жағдай 2025 жылдың тамыз айында болғанын айтады.
«Баланы манежге тастап кетіп, мені сүйреп терезеге алып барды. “Шаршасаң, жүр секіріп өлейік” деді», — дейді Салтанат.
Сол түні ол есінен танып қалған. Кейін қолының сынғаны анықталған.
Баланы алып қашу және полицияның әрекетсіздігі
2025 жылдың қыркүйегінде күйеуім 6 айлық баланы күшпен алып кеткен.
«102-ге екі рет хабарластым — алмады. Үшінші рет қана көтерді», — дейді ол.
Учаскелік полиция қызметкерлері бастапқыда арыз қабылдамағанын айтады.
Ота, жұмыссыздық және алимент мәселесі
Салтанат иығына күрделі ота жасатқан. Реабилитация — 6–9 ай.
«Қолыммен қасық ұстай алмадым. Жұмыстан да айырылдым», — дейді ол.
Қазіргі таңда алимент қарыз жиналғанын айтады.
ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ
Салтанатты қазіргі уақытта ата анасынан бөлек кәсіби адвокат Әлия Арзымбетова қорғауда.
«Қылмыстық іс ҚР ҚК 107-1-бабы (орта дәрежелі қасақана зиян келтіру) бойынша тіркелген.
Тергеуді Тараз қалалық полиция басқармасының анықтауында. Созбалаңға салынуда. Жәбірленуші өзін зардап шеккенін, қорлық көргенін, қолының сынғанын дәлелдеумен келуде. Әйелдің, ананың құқығы тапталуда, қоғамда соңғы уақыттағы резонансты қылмыстық істердің нәтижелері-күдіктіге, полиция мен прокуратураға сабақ болмауда. Күдікті — бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, әйелін ұрған» деді адвокат
Сонымен қатар, Салтанаттың күйеуі туралы жұмыс орындағы әріптестерінен тек жақсы мінездеме алдым. Өте сыпайы, биязы, көп сөйлемейтін жігіт деді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бұл материал — бір отбасының трагедиясы ғана емес, отбасындағы зорлық-зомбылықтың жүйелі проблема екенін көрсететін оқиға.
Мақала Салтанаттың сөзімен жазылды.










