Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын, оның ішінде жаңа Салық кодексін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудың түйінді шарттарын атап өтті.
Жаңа Салық кодексі өзгермейтін қағидалардың жиынтығы ретінде қабылданбауы керек, бұл туралы Президент ерекше атап өтті. Осыған байланысты Сізге, Серік Мақашұлы, жұртшылық пен бизнес тарапынан келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдауды тапсырамын. “Атамекен” ұлттық палатасының өкілдерін, экономистер мен сарапшыларды тарта отырып, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеу керек. Бүгін Үкіметте осындай алғашқы кездесу өткізесіз. Өңірлерді де осы жұмысқа белсенді тарту қажет. Қоғамның көтеріп отырған мәселелерін жедел қарау керек. Нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар енгізіңіз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Цифрландыру бағытында науқаншылыққа, көзбояушылыққа жол берілмесін — Премьер-министр нақты іс-әрекет, нақты нәтиже керектігі туралы
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау және алаяқтармен күрестің тиімділігін арттыру бойынша айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шараларға назар аударды.
Құрылтай отырысында «Заң мен тәртіп» қағидатының өзектілігі мен басымдығы тағы да атап өтілді. Атқарылып жатқан жұмысты күшейту қажет. Ішкі істер министрлігі 20 ақпанға дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік, экономикалық және цифрлық салалардағы алаяқтық фактілері мен схемаларын анықтау, жолын кесу және ашу бойынша жүйелі шаралар әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар иммиграциялық алаяқтықтың, шетел азаматтарының заңсыз тұруын заңдастыру арналарының жолын кесу жөнінде қосымша шаралар әзірлеген жөн. Біз заң үстемдігін және құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау бойынша барлық деңгейде тұрақты жұмыс жүргізуіміз керек, — деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет дәстүрлі құндылықтарды қорғау және мәдени саланы дамытуды күшейтуде — Олжас Бектенов салалық ведомстволарға тапсырма берді
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтай барысында дәстүрлі құндылықтарды қорғау, неке және отбасы институтын нығайту, мәдениетті дамыту саласындағы Президент қойған міндеттерді жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Президент дәстүрлі құндылықтарды қорғау, неке және отбасы институтын нығайту, зиянды нәрселерді, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қою қажеттігін атап өтті. Әділет министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс. Президент мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың маңыздылығын атап өтті. Мәдениет министрлігіне мемлекеттік рәміздерді пайдалануды реттеу жүйесін жетілдіру мақсатында қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырамын. Мәдениет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Абай облыстарында театр құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз етсін және Алматы қаласындағы театрлардың реконструкциясын жыл соңына дейін аяқтасын. Мәдениет министрлігі биыл Қазақстанның бірқатар нысанын және Абайдың “Қара сөздерін” ЮНЕСКО тізіміне енгізу рәсімін жүргізсін. Осы жұмыстың барлық кезеңін жан-жақты қолдауды қамтамасыз ету қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтай барысында Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін реформалау жөнінде шаралар қабылданатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін шұғыл реформалау, сондай-ақ қаржыландырудың нақты критерийЛерін әзірлеу міндетін қойды. Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізуді тапсырамын. Мемлекеттік қаржыландырумен өңірлердің оқушы орындарына деген шұғыл қажеттілігін жабатын жекеменшік мектептер ғана қамтамасыз етілгені жөн. Қымбат элиталық мектептерді қаржыландыруды тоқтату керек. Оқу-ағарту министрлігі бір айдың ішінде жекеменшік оқу орындарының жаңа стандарттарға сәйкестігі тұрғысында лицензиядан кейінгі бақылау жүргізсін. Нәтижесі бойынша ақпарат енгізілсін, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов: Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы елді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясына енгізілген
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімді қолдағанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкіметтің шешімін қолдады. Тиісті тексерулер басталып кетті. Кінәлі адамдар жауапқа тартылады. Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесі осы жылдың 1 шілдесіне дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялануға тиіс. Бұл қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Президенттің барлық тапсырмасын жүзеге асыру елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай стратегиясына енгізілгені және барлық құрылымның үйлесімді жұмысына байланысты екені баса айтылды.
Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясымен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыру барлық құрылымның нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты. Әрбір басшы дербес жауапты болады. Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім бақылауға аламын, — деп атап өтті Премьер-министр.








