Бұл құбылыс тек адамдардың тағдырына ғана емес, сонымен бірге әлемдегі тұрақтылыққа да әсер етіп, онымен күресу үшін жүйелі тетіктерді қалыптастыруды талап етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен мүдделі мемлекеттік, құқық қорғау және үкіметтік емес ұйымдардың консолидациясы мен ынтымақтастығы елдің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына, мигранттардың құқықтарын жүзеге асыруға, сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтуға қолайлы жағдай жасауда. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ресми сайтында хабарланды.
Көпұлтты аймақ саналатын біздің өңірде әлеуметтік орта қалыптасып келеді. Алайда кей жағдайда көші-қон құбылысының өзі де қақтығыстарға ықпал ететін фактор болуы мүмкін. Осындай тәуекелдердің алдын алу мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының этномедиация кеңесі мен «Мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктері» қоғамдық бірлестігі бірлесе отырып, «Қазақстанның балалар саудасына қарсы іс-қимылы» жобасы аясында диалогтық алаң ұйымдастырды.
Тараз қаласындағы Достық үйінде өткен бұл басқосу көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ауқымды аудиторияны қамтыды. Жиынға этномәдени бірлестіктердің және өңірлік АНК құрылымдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, заңгерлер, әлеуметтік сала мен білім беру жүйесінің мамандары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардан келген қатысушылар қатысты.
Іс-шараға қатысушылардың қатарында Жамбыл облыстық «Манас-Ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Абзалбек Мендыбаев, «Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Фарида Накиш және аталған этномәдени бірлестіктің аналар кеңесінің төрайымы Фатима Галиулина болды.
«Қазақстанның балалар саудасына қарсы іс-қимылы» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде сарапшы Светлана Бронюк баяндады.
Шараны жүргізген модератор – этномедиация кеңесінің төрағасы әрі Тараз қаласындағы өзбек орталығының жетекшісі Абдурахман Зайнутдинов өзінің сөзінде, өкінішке қарай, мұндай теріс құбылыс – адам саудасы, соның ішінде балалар саудасы бар екендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл тұрғыда еңбек мигранттары ерекше тәуекел аймағында. Ол жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары мен акциялар туралы да айтып өтті.
Өңір әкімдігі аппаратының әлеуметтік-саяси мониторинг бөлімінің бас инспекторы, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зауре Тұрғынова да өз сөзінде мемлекеттік құрылымдардың, этномәдени бірлестіктердің және ҮЕҰ-дардың бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталды. Спикер бұл жобаның өзектілігін, қажеттілігін айта отырып, басты міндетінің фактілерді анықтап, балалар саудасы процесін тоқтату екеніне баса назар аударды.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізіліп жатқан іс-шаралар, анықталған фактілер мен нақты мысалдар жөнінде ақпарат берді. Олар балалар саудасының халықаралық проблема екендігін, сондай-ақ өткен жылы Қазақстанда «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданғанын еске салды. Бұған қоса, алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Жамбыл облысының аудандарына да шығатындықтарын айтты.
Қатысушылардың айтуынша, кейде балалар еңбек құлдығына тартылып, қайыршылықпен айналысуға, көшеде немесе аулаларда қоқыс-жарақат жинауға мәжбүр болып жатады. Көп жағдайда мұндай істерге ата-аналар да араласып, балаларын бірге жұмысқа жегеді. Кейіннен олар қылмыстық бизнеске де тартылып, «дроппер», есірткі тасымалдаушы не тіпті жыныстық құлдыққа душар болуда.
Жиын қорытындысында қатысушылар бірауыздан мына пікірге келді: балалардың құқықтары тапталған жағдайда, ондай отбасылармен және балалармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажет. Бұл – барша қоғам болып бірге атқаратын міндет, күнделікті бақылауды талап ететін маңызды іс.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде дайындалды






