Ұйымның төрайымы – Дятлова Наталья Викторовна. Қоғамдық бірлестік өзінің басты миссиясы ретінде жастардың білімін, көшбасшылық қабілетін және өмірлік маңызды дағдыларын дамыту арқылы әлеуметтік теңсіздікті азайтуды және осал топтар арасындағы мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.
Ұйым өз жұмысын бірнеше маңызды бағытта табысты жүзеге асырып келеді. Соның ішінде білім беру және экологиялық жобалар ерекше орын алады. Жастардың тұлғалық қалыптасуына ықпал ету үшін «Көшбасшылық мектебі» мен «Жас саясаткер мектебі» сияқты арнайы білім беру бағдарламалары ұйымдастырылды. Бұл бастамалар жас буынды қоғамдық-саяси процестерге қатысуға дайындап, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға негіз болды.
Сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған оқыту курстары мен ағылшын тілінен тегін сабақтар өткізу арқылы бірлестік білім алуда тең мүмкіндік беруді мақсат етті. Әсіресе осал топтағы жастармен жұмыс – ұйымның негізгі назарында. Бұл бағытта соңғы жылдары бірқатар халықаралық серіктестік жобалар жүзеге асырылды.
Солардың бірі – АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен іске асырылған Access бағдарламасы. Бұл жоба аясында 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге ағылшын тілі, медиа сауаттылық және көшбасшылық дағдылары бойынша арнайы курстар ұйымдастырылып, нәтижесінде 30 жас түлек бағдарламаны табысты аяқтады.
Сонымен қатар, USAID-тің «Орталық Азиядағы орнықты қауымдастықтар» бағдарламасы аясында «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігі «Білім мен таланттарды дамыту қауымдастығы» жобасын сәтті жүзеге асырды. Бұл жоба 18-35 жас аралығындағы жастарға өмірлік маңызды дағдыларды меңгертуге, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға, мобилография мен медиа сауаттылықты дамытуға бағытталды.
Жобалар аясында тегін тренингтер, психолог және заңгерлермен кездесулер, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылып, 100-ден астам жас тікелей қамтылды. Бұл – бір ғана ұйымның жастар үшін қаншалықты маңызды әрі кешенді қолдау алаңына айналғанының айғағы.
«Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігі алдағы уақытта да жастардың әлеуетін дамыту, білім мен кәсіптік бағдар беру, әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктерге қол жеткізу бағытындағы бастамаларын жалғастырып, өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық кеңістікте де өз үлесін қоса бермек.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.






