Адам құқықтары – кез келген өркениетті қоғамның басты тірегі. Осы құндылықтарды нақты әрекетпен қорғай отырып, әлеуметтік әділеттілік пен инклюзивтілікке негізделген қоғам құру жолында еңбек етіп жүрген жетекші ұйымдардың бірі – «PHOENIX» адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігі. Ұйымның жетекшісі – Абдуллаева Балжан Рахімберліқызы. Ол адам құқықтары саласындағы тәжірибелі сарапшы, өңірлік және халықаралық бастамалардың қатысушысы әрі көшбасшысы.
PHOENIX бірлестігінің басты мақсаты – азаматтық белсенділікті арттыру, адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік теңдік пен инклюзияны қамтамасыз ету арқылы әділетті және демократиялық қоғамның қалыптасуына ықпал ету. Бұл миссия шеңберінде ұйым бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып, жергілікті және халықаралық ұйымдармен серіктестік орнатқан.
Бірлестік «Қазақстанның оңтүстік өңірінде азаматтық белсенділік пен адам құқықтарын ілгерілету» жобасының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі ретінде құқықтық сауаттылық пен азаматтық белсенділікті көтеруге бағытталған шаралар өткізді. Бұл бастама қоғамның түрлі топтарына – жастардан бастап әйелдер мен әлеуметтік әлсіз топтарға дейін – құқықтық көмек көрсетіп, олардың даусын естіртуге мүмкіндік берді.
Абдуллаева Балжан «ITeachMe» қоғамдық қорының мүддесін қорғаушысы әрі OrleTech және Орталық Азияның Еуразия қоры жобаларының амбассадоры ретінде инклюзивті технологиялар мен цифрлық қолжетімділік арқылы әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуді насихаттап жүр.
Айрықша маңызға ие бастамалардың бірі — «Бақытты ана – бақытты бала» жобасы. Бұл жоба аясында аналар мен балаларға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіліп, отбасылық әл-ауқатты жақсарту жолдары ұсынылды.
Сондай-ақ, ұйым Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асқан «Сіздің дауысыңыз маңызды: азаматтардың технология арқылы шешім қабылдауға қатысуы» жобасының авторы. Бұл бастама қоғам мүшелерінің цифрлық құралдар арқылы мемлекеттік шешімдерге әсер етуін күшейтуді көздеді.
Маңызды бағыттардың бірі ретінде INTERNEWS ұйымымен бірлесіп іске асырылған «Елдің оңтүстігіндегі дін мен конфессиялардағы әйелдер мен балалардың жағдайы» атты зерттеу жобасын атап өтуге болады. Жобаның авторы әрі жетекшісі ретінде Балжан Абдуллаева дін саласындағы нәзік әлеуметтік мәселелерге назар аудартып, нақты ұсыныстар ұсынды.
Бірлестіктің жетістігі ретінде «ТАНДАУ» республикалық сыйлығының «Технологиялық инновациялар және цифрлық қоғам» номинациясында лауреат атануын айтуға болады. Бұл марапат – құқық қорғау саласындағы инновациялық тәсілдердің мойындалуының көрінісі.
Сондай-ақ ұйым «Дауыс күші – адам құқығы азаматтық қоғамның негізі» жобасына қатысып, құқық қорғаушылар мен белсенділерге арналған тренингтер, тәжірибе алмасу алаңдары мен стратегиялық кеңестер ұйымдастыру арқылы саланың дамуына үлес қосты.
«PHOENIX» қоғамдық бірлестігі – бұл адам құқығы мен бостандықтарының қорғаны ғана емес, әр азаматтың дауысын еститін, құқығын қорғайтын, қоғамды әділет пен үмітке жетелейтін алаң. Алдағы уақытта да ұйым азаматтық қоғамды күшейтетін жобаларын жалғастырып, өңірдің әлеуметтік әділетті даму жолына өз үлесін қоса бермек.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.







