Бұл бірлестік иппотерапияны (атпен емдеу) дамыта отырып, тірек-қимыл аппараты мен жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға жаңа өмір сыйлап жүрген еліміздегі сирек мекемелердің бірі. Ұйымның басшысы – қайратты, ізгілікті істерімен танымал Даулетбаева Әйгерім Маратбекқызы.
Ұйымның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар балалардың физикалық және психо-эмоционалды дамуын қолдап, оларды қоғам өміріне бейімдеу, әлеуметтендіру және тең құқықтарын қамтамасыз ету. Бұл бағытта бірлестік нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Соңғы үш жылда ұйым 150-ге жуық ерекше балаға иппотерапия және оңалту қызметін көрсетіп, олардың өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей ықпал етті. Емдік атқа міну жаттығулары арқылы 22 балада эмоционалды тұрақтылық орнап, 18 бала өз бетінше атқа отыру қабілетіне ие болған. Бұл – оңалту жолындағы үлкен жетістік, баланың еркіндігін оятқан нақты нәтиже.
Ұйым 1000-нан астам іс-шара өткізіп, қоғамда мүгедектігі бар азаматтарға деген көзқарасты өзгертуге, инклюзивті ортаны қалыптастыруға зор еңбек сіңіріп келеді. Бірлестіктің бастамасымен іске асқан 60-қа жуық әлеуметтік маңызы бар жоба мен фестиваль балалардың, ата-аналардың, еріктілер мен жұртшылықтың белсенді қатысуымен жүзеге асуда.
Атап айтқанда, «Нұр Бала», «Үміт», «Иппотерапия», «Инватакси», «Қолжетімді дүкен», «Жүректен жүрекке», «Ертеңге таза көзқарас», «Жақсылық кемпірқосағы – Жарық», «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!», «Біз бір командамыз», «Инва туризм», «Жасыл-ел жауынгерлері», «Жақсы қызметтер бюросы», «Мен — өзім» секілді жобалар ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар жазғы кезеңде ұйымдастырылатын «Жазғы сауықтыру лагері» де ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бұл балалар үшін тек демалыс қана емес, әлеуметтену, достар табу, өзін қоғамның толық мүшесі ретінде сезінудің озық алаңы.
«Мүгедектердің жастар қоғамы» – бұл теңдік пен үміт кеңістігі. Мұнда әр бала — тұлға, әр азамат — бағалы. Ұйым қызметі қоғамдағы түсіністік пен қолдауға негізделген жаңа мәдениетті қалыптастырып, ертеңгі күнге сенім ұялатуда. Ал Әйгерім Даулетбаеваның басшылығымен бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа өмірге жол ашатын көпірге айналары сөзсіз.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.






