2 наурызда Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы жеке тұрғын үйде бір отбасы мүшелері уланып қалған. Құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына жеткен кезде үйден жеті адамның мәйітін тапқан, олардың бесеуі — кәмелетке толмаған бала. Барлығы оқиға орнында қайтыс болған.
Маңғыстау облысы ТЖД-нің алдын ала болжамы бойынша қайғылы оқиға газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзу салдарынан болған.
Қаза тапқандар — Қазақстанда уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары. Төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады.
«Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсетіледі. Бұл оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында», — деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін де Ақтаудың іргесінде бір отбасы газдан уланып қайтыс болды. Оқиға 23 ақпанда «Қаламқас» тұрғын үй массивінде болған.