«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға бағытталған. Науқанның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, қоршаған ортаға қамқорлық көрсету.
Акция жастардың қала тазалығын сақтауға және экологиялық жағдайды жақсарту шараларына белсенді қатысуға ықпал етеді. Шараға қатысушылар айналаны тұрмыстық қалдықтардан ластану мәселесіне баса назар аударып, канал маңы мен оған жақын аумақтарды қоқыстан тазартты.
—Бүгін Сеңкібай каналының маңайында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында күзгі тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Акцияға жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, қоғамның түрлі сала өкілдері атсалысуда. Тазалық жұмыстары барысында каналдың жағасы ғана емес айналасында тұрған үйлердің, стадионның маңайын толық қоқыстан тазартып жатырмыз. Жалпы бұл акция басталғалы шалғай ауылдардағы бозбалалар мен еңкейген қарттарымызға дейін атсалысып жатқанына куә болдық. Бұгінгі акцияға отызға жуық студент қатысып отыр. Ал жаз бойғы тазалық жұмыстарында 300-ге жуық тазалыққа бей-жай қарамайтын студенттер белсенділік танытты. Одан бөлек қала тұрғындарынан да өз үйлерінің айналасын талап беру туралы өтініштер де түсіп жатады. Ондай өтініштерді біз жерге тастамай, шама-шарқымыз келгенше атқарып береміз. Жалпы студенттер мұндай жарияланбайтын тазалық жұмыстарына да ынталы. Мәселен кешелі бері үш бірдей қарияның ауласын тазалап бердік. Ал бүгінгі жұмыстарға еріктілер де білек сыбана кірісіп жатыр. Атсалысып жатқан барша белсенді азаматтарға алғысымызды білдіреміз, — деді Қазақстан студенттер альянсының Жамбыл облысы бойынша филиал басшысы Дархан Байпақ.
Мұндай іс-шаралар экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, тұрғындарға тазалық пен табиғатты сақтаудың маңыздылығын түсіндіруге көмектеседі. Өскелең ұрпақ үшін мұндай іс-шараларға қатысу – азаматтық позициясын танытуға, қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін оятуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар бұл акция жаңа аумақтарды қамтып, қаланы абаттандыру бойынша жүйелі шаралар аясында жалғасатынын атап өтті.
—Жастарымыздың осындай іс-шараларға белсене қатысып жатқанын көріп, ерекше қуанып жатырмыз. Бұл олардың туған қаласына деген жоғары әлеуметтік жауапкершілігі мен қамқорлығын көрсетеді. Біз үшін қоқысты шығарып қана қоймай, қоршаған ортаны құрметтеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Осындай іс-шаралар өскелең ұрпаққа қала тазалығы жалпы еңбек пен тәртіптің нәтижесі екенін ұғындыруымызға ықпал етеді. Әрқайсымыз айналамыздағы тазалыққа жауапты екенімізді қаншалықты тез түсінсек, соғұрлым қаламыз бен өміріміз көркейе түседі. Бүгінгі акция экологиялық таза және жайлы шаһарда өмір сүру жолындағы қадам болады деп сенеміз, — деді Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гауһар Олжабаева.