«Бекет-2024» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығуын қорытындылауға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, өңірдің жергілікті атқарушы органдары мен күштік құрылымдарының басшылары қатысты.
Оқу-жаттығу барысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде бейбіт тұрғындарды жинау пунктіне барды. Әскери міндеттілерді алдын ала жинау пунктінде ол аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерін хабардар ету учаскесінің жұмысын ұйымдастыруды егжей-тегжейлі зерделеп, бөлінетін кешенді күштер мен құралдардың жинақталуын, олардың материалдық және техникалық құралдармен қамтамасыз етілуін нақтылады.
Аумақтық қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, полиция, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бір апта бойы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізу кезіндегі өзара іс-қимыл алгоритмдерін пысықтады.
Оқу-жаттығуды қорытындылаған Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов түрлі дағдарыстық жағдайларға ден қою кезінде жергілікті атқарушы органдар мен күштік құрылымдар бөлімшелерінің өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға ықпал ететін осындай жаттығулардың маңыздылығын атап өтті.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі