Еңбекмині Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабагина өз сөзінде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың барлық шаралары әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстанда балалары бар отбасыларға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдердің 2 түрі, сондай-ақ жергілікті бюджеттен табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді.
Сонымен қатар, мүгедектік туындаған және асыраушысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер төленеді.
«Биыл 4,4 млн отбасы үшін жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге әлеуметтік төлемдер көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,3%-ға көп. Осы жылдың 4 айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдер 3,2 млн-нан астам отбасына тағайындалды», – деді Ғалия Жабагина.
Жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тен біржолғы төлемдер тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты. 4 айдың қорытындысы бойынша бұл төлемді 90 мыңнан астам адам алды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бала тууға арналған біржолғы жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Биыл дүниеге келген бірінші, екінші және үшінші балаларға – 140 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 232 мың теңгеден астам төленеді. Жыл басынан бері бұл жәрдемақыны 136 мыңнан астам адам алды.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша бюджеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақы баланың туу кезегіне байланысты, бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 21 266 теңгеден 32 859 теңгеге дейінгі мөлшерді ұлғайта отырып төленеді. МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы жұмыс істейтін әйелдердің орташа айлық табысының 40% -ын құрайды.
Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап бала күтімін жүзеге асыратын ата-аналар үшін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді.
Сондай-ақ, ол 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу туралы айтып берді.
«Жәрдемақы мөлшері – 4 баласы бар отбасы үшін 59 183 теңгеден 8 баласы бар отбасылар үшін 118 144 теңгеге дейін балалар саны бойынша сараланған. Ал одан да көп баласы бар отбасылар үшін бұл сома әр бала санына байланысты 14 768 теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақы 601,8 мың отбасына төленеді, бұл мақсаттарға 474,8 млрд теңге қарастырылған», – деді Ғалия Жабагина.
Көпбалалы аналардың беделін арттыру үшін өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, ол табысына қарамастан «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге төленеді. Биыл бұл жәрдемақыны 237 мың 598 анаға төлеу жоспарлануда, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 70 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ Ғалия Жабагина мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған шараларды жетілдіру туралы айтты. Осылайша, жәрдемақылар мен төлемдерден басқа, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін оларға оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету жүйесі қалыптастырылды.
Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалар, көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, ымдау тілі мамандарымен (60-тан астам атаулар) қамтамасыз етіледі.
Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтер ұсынылады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 45 млрд теңгеден астам қаржы бөлінуде.
Қазіргі уақытта елімізде 11 мыңнан астам бала қызмет алатын 151 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді. Жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсететін мемлекеттік ұйымдармен қатар 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 5 мыңнан астам мүгедектігі бар балаларға арналған 182 үкіметтік емес ұйым АӘҚ ұсынады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2021-2025 жылдарға еліміздің 12 өңірінде 150 орындық оңалту орталықтарын салуды жоспарлады. 2023 жылы оңалту орталықтары Абай облысы Семей қаласында және Жамбыл облысы Тараз қаласында ашылды.
Бұдан басқа, «Қамқорлық» бастамасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 8 күндізгі болу орталығын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнде Талдықорған, Тараз, Өскемен, Қостанай, Павлодар және Шымкент қалаларында 700-ге жуық балаға қызмет көрсетіледі.
«Биыл шілдеден бастап АӘҚ жүйесін жаңғырту шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін жеке секторды тарта отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу көзделуде. Пилоттық жоба аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық бұзылулары бар балалардың АӘҚ қамту жоспарлануда. Бұл бәсекелестік жағдайында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар мен отбасыларды қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Ғалия Жабагина.