Сотпен не анықталды:
2023 жылдың наурыз айында, Ж. бажалық қарым-қатынастағы А.-мен өз үйінің ас бөлмесінде спирттік ішімдік ішіп, соңғының елу жасқа толғанын тойлап отырған. Сол күні, сағат 05:30 шамасында, спирттік ішімдік ішу салдарынан Ж. мен А. арасында, соңғының Ж.-ның анасына қатысты балағат сөз айтуына байланысты жанжал туындаған. Сол кезде, Ж. қатты ашуланып, А.-ны құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық ойы туындаған. Осы ойын ақырына дейін жеткізу үшін, Ж. жұбайы М-ның олардың арасына араша түскеніне қарамастан, ас бөлмесіндегі пышақты оң қолына алып, сол арқылы қаруланып, қарама-қарсы келіп, А.-ның сол жақ кеуде тұсынан бір рет соққы жасаған.
Нәтижесінде, А. сол жақ өкпесін, перикардтың және жүрегін зақымдағандықтан, оған ауыр дене жарақаты келтіріліп, жедел қан жоғалтудан оқиға орнында қайтыс болған.
Тараптардың позициясы:
Прокурор сотталушы Ж.-ға 11 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сот отырысында сотталушы Ж. өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап, қасақана өлтіруге қылмыстық ойы болмағанын, шын ниетпен өкінетінін және кешірім сұрайтынын жеткізді.
Дәлелдемелер бойынша:
Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: сотталушының және куәлердің жауаптарымен, тергеп-тексеру амалдары жүргізілу барысында толтырылған процессуалдық құжаттармен, сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.
Сот шешімі:
Сот қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайларға Ж.-ның жас балаларының болуын, тұрғылықты жері бойынша жақсы мінезделуін табады.
Қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде, сот оның қылмыс жасау барысында, алкогольдік масаң күйде болуын табады.
Сот үкімімен ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша Ж.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі