Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков биыл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға субсидия түрінде 27 026,1 миллион теңге бөлінгенін (59,6 пайызы игерілген) айтты.
Осы жылдың 7 айында 160 945,3 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді.
Ауылшаруашылық кәсіпорындарының негізгі капиталына 23 806,7 миллион теңге инвестиция тартылды.
Осы жылы ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемі 6,5 мың гектарға артып, 762,5 мың гектарға жетті.
Өңірде ауылшаруашылық техникасы паркін жаңартуға үлкен көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 1020 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды.
Ербол Қарашөкеев ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу, ішкі нарықты жергілікті өндірілген азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, ғылыми мекемелермен ынтымақтастық орнату бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Облыста кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндады.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 71,4 миллиард теңгеге 191 жоба қаржыландырылды. Осы жылдың басынан 1 450 миллион теңгеге 2 жоба қаржыландырылды.
2023-2026 жылдар аралығында жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын, әрі 4065 жаңа жұмыс орны құрылатын 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда (оның 16-сы биыл).
Аймақ басшысы тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыруды, шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты одан әрі нығайту шараларын қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев, туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков, жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Кәрентаев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев баяндама жасады.
Облыс әкімі су ресурстарын ұтымды пайдалану, жерге орналастырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және айналымға тарту жұмыстарын жүргізу, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру бойынша тапсырмалар берді.