Ғылыми әдебиеттерде берілген анықтамаларды және қоғамдық пікірді ескерсек, шынында, театр — өмір айнасы. Театр тұлғаның өзін қадағалауына, күйбең тірлікте мән бермей жүрген дүниелерін айнаға қарағандай өзінен табуға септігін тигізеді. Театрға бару арқылы тұлға жеке өзін басқа бір қырынан тануға, қоғамдық өмірден оқшау еместігін, оның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік алады. Театрдағы қойылымның тереңіне барып, бір адамның өмір жолынан өзінің өмірін көруі, өзгелердің айтқан сөздерінен өзінің дауысын, үнін естуі әбден мүмкін. Театр – адамгершілік құндылықтарға, мәдениеттілікке, имандылыққа бастайтын баспалдақ деп бағамдасақ та артық емес. Себебі, «театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын»,-дейді Шәкен Айманов.
Бүгінгі күні атаның тәлім-тәрбиесін, әженің өнегелі әңгімесін қажет ететін, яғни, рухани тұрғыдан шөлдеген балалар үшін және жалпы қоғам үшін театр таптырмас мүмкіндік, қолымыздағы бағалана бермейтін алтын қазына. Бүгінгі күні қоғам театрды қалай бағалайды? Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, театрдың тәрбиедегі рөлі ерекше. Мәселен, өмірдегі ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты айыратын таным дүниесі арқылы, ақыл-ой арқылы тұлғаны жақсылыққа шақырып, жамандықтан жирендіруге, тәрбиелеуге болады. Қойылымдағы рөлін шын сомдаған актерді көре отырып, оның бойындағы адами қасиеттерді назарға алып, адамның рухани дүниесіне қажеттінің бәрін алуға болады. Бүгінгі біздің тұлғалық мәдениетіміздің деңгейі – театрға баруымызбен өлшенсе, онда біз қандай деңгейдеміз деген орынды сауал туары анық.
Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне сүйенсек облыс театрларында бүгінгі таңда 9215 көрерменге 125 қойылым ұсынылып, репертуарларын толықтыру мақсатында әр түрлі жанрда 9 жаңа қойылым сахналанған екен. Ал Жамбыл облыстық қазақ драма театры 7041 көрерменге 88 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында әр түрлі жанрда 5 жаңа қойылым сахналаған. Олардың қатарында «Шекпен» әпсанасы, «Абылай хан» тарихи драмасы, «Жүрейікші жүрек ауыртпай» трагикомедиясы мен «Ана-Дала», «Айболит пен Қарақшы» ертегі-қойылымдары бар. Жамбыл облыстық орыс драма театры 5867 көрерменге 93 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында әр түрлі жанрда 4 жаңа қойылым сахналаған.
Әлем елдерінде театрдағы қойылымдар үшін билеттер алдын-ала сатыла бастайды және бұл жылдар бойы қалыптасқан қағида десек те болады. Ендеше, театр билеттерінің бағасына тоқталайық. Бұл жүйе бойынша біз де арнайы билет сатылымдарын жүзеге асыратын сайттарды щолып көрдік. Мәселен, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында билет бағасы 3 000 теңгеден, Мемлекеттік қуыршақ театрында 1 000 теңгеден, Нұр-Сұлтан қуыршақ театрында 1 000 теңгеден деп көрсетілген. Ал М.О.Әуезов атындағы драма театрда музыкалық-драмалық спектакльге билет құны 9 000 – 15 000 теңге деп көрсетілген. Жамбыл облыстық қазақ драма театрындағы билеттің бағасына назар аударайық. Мәселен, мұнда оқушыларға — 300 теңге, студенттерге – 400 теңге, үлкендерге — 500 теңге. Сонымен қатар, облыстық қазақ драма театрының ақпараттық порталында кейбір сахналық қойылымдарға кіру тегін екені жазылған. Бүгінгі қоғамда ата-әжесіне ерген немерелер, ата-анасына еркелеген балалар, басқа да әлеуметтік топтар театрға баруды дәстүрге айналдырса, рухани дүниеден азық алса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Материал Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша дайындалды