Иммундау балалар мен ересектердегі жұқпалы аурулардың алдын- алудың негізгі, әрі тиімді әдістерінің бірі болып табылады. Бүкіл әлемде жаппай вакцинациялау – көптеген қауіпті аурулардың туындау жиілігінің төмендеуіне және тіпті оларды жоюға мүмкіндік береді. Мысалы, екпе арқылы бүкіл әлемде шешек ауруы жойылған, А және В гепатиттері, қызылша, қызамық, сіреспенің жекелеген жағдайлары және т.б. 100 есеге дейін төмендетілген.
Егудің қажеттілігі бұрынғы заманнан-ақ белгілі болған. Алғашқы әрекеттер ежелгі Қытай мен Үндістанда жасалған. Алайда, оны микробиологияның, иммунологияның және басқа ғылымдардың дамуы нәтижесінде ғана жасап шығару мүмкін болды.
2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін COVID-19 пандемиясы жалғасуда. Оны тоқтатудың жалғыз жолы — ұжымдық иммунитетті құру. Ол үшін халықтың кемінде 60-70% егу қажет.
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияға қарсы егу науқаны басталды. Барлық егулер нұсқаулыққа сәйкес 14-21-90 күн аралығымен екі рет жасалады. Вакцинация 18 жастан асқан барлық адамдарға көрсетілген.
2021 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19-ға қарсы екпенің 1 компонентімен барлығы – 292 088 адам (бұл вакцинациялауға жататын 582 мың адам санының 50,2% ), ІІ компонентімен барлығы — 210 913 тұлға (бұл вакцинациялауға жататын 582 мың адам санының 36,2%) егілді. Екпе алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер тіркелген жоқ.
1-айналымда вакцина алғандар: 18392 — медицина қызметкерлері, 35425 — білім беру ұйымдарының қызметкерлері, 18822 — күш құрылымының қызметкерлері, 6727 — мемлекеттік қызметкерлер, 10393 — студенттер, 569 -әлеуметтік мекеме қызметкерлері, 40333 — созылмалы аурулары бар тұлғалар және 161427 — басқалары.
Жалпы облыс бойынша 23 МСАК ұйыдарында 43 егу пункттері бар, олардың ішінде 15 қалада, 28 аудандарда орналасқан. Облыста вакцинация жүргізу үшін Ресейде өндірілген «Спутник V», отандық «QazCovid-in», Қытайда өндірілген «Coronavac», «Hayat-Vax» қытай-араб вакциналары қолданылады.
1 ақпан мен 31 шілде аралығында облысқа вакцинацияның 1 айналымына — 357 195, 2 айналымға – 287 535 доза вакцина жеткізілді.
03.08.21 ж. жағдай бойынша облыста ковидке қарсы вакциналардың қалған бөлігі: 1 компонент — 65 018 доза және 2 компонент – 76 703 доза. Барлық егу пункттері екпелермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Иммундау жұмыстары жалғасуда.
Вакциналардың кез-келген басқа дәрі-дәрмектер сияқты жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері болады. Ауыр аллергиясы бар, жүкті және бала емізетін әйелдерге және 18 жасқа дейінгі балаларға, асқыну кезеңінде инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен ауыратын адамдарға ұсынылмайды.
Барлық жанама әсерлер мен асқынулар шамалы ғана болады. Салыстырмалы түрде жиі кездесетіні: дене қызуының көтерілуі, екпені енгізу орнындағы қызару, бас ауруы, тұмауға ұқсас белгілер. Осылардың барлығы өздігінен өтеді және көбінесе медициналық араласуды қажет етпейді. Коронавирус штамдарының көбеюі – оған қарсы екпе алудың басты себептерінің бірі болып табылады. Вакцинацияланғандардың саны неғұрлым көп болса, вирустың жаңа мутация пайда болу мүмкіндігі соғұрлым аз болады.
Егілген адамдарда ауруханаға жату және өлім қаупі 25 есе, ал жұқтыру қаупі 8 есе төмен.
Вакцинация және жеке әлеуметтік қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы ғана короновирустық инфекция ауруын тоқтатуға болады. Екпе салу ерікті түрде жүргізіледі. Әрбір азамат таңдау құқығына ие. Ерікті түрде шешім қабылдап, алдын-алу үшін әрекет жасау қазіргі таңда аурудан құтылудың жалғыз жолы болып табылады.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі