Төтенше жағдайлар министрлігі ауа райына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады деп хабарлайды. ТЖМ ел тұрғындарына аса қажеттілік болмаса далаға шықпауға кеңес беріп отыр. Себебі еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық күтілуде. «Қазгидромет» РМК-ның болжамынша, 24 шілде күні күндіз Нұр-Сұлтан қаласында 35 градус, 24 шілде күні күндіз Ақмола облысында 35-37 градус қатты ыстық күтіледі. Ақмола облысының батысында ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде өрт қаупі сақталады. 24-25 шілдеде күндіз Қарағанды облысының оңтүстігінде 40 градус қатты ыстық күтіледі. Кей жерлерде төтенше өрт қаупі сақталады. Күндіз 24-26 шілдеде Жамбыл облысының кей жерлерінде 44 градус қатты ыстық күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады.
25 шілдеде күндіз Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде 40-42 градус қатты ыстық күтіледі. Кей жерлерде төтенше өрт қаупі сақталады. 25 шілдеде күндіз Түркістан, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде 46 градус қатты ыстық күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады. 25-27 шілдеде күндіз Маңғыстау облысында 44 градус қатты ыстық күтіледі. Төтенше жағдайлар министрлігі ыстықтан сақтану үшін азаматтарды аса қажеттілік болмаған жағдайда далаға шықпауға кеңес береді, сондай-ақ: — ағзаны сусызданудан қорғау үшін көп су, күніне кемінде 1,5-3 литр сұйықтық ішу керек; — аптап ыстықта кез-келген физикалық белсенділіктен бас тартыңыз; — күндіз күн сәулесі бөлмеге кірмеуі үшін терезелерді ашық реңкті перделермен жабыңыз; — күн өтпес үшін бас киім, ашық ауа өткізетін киім (мақтадан жасалған) киіңіз. Ыстық ауа райында балаларға ерекше назар аударып, сақ болыңыз.
Сонымен қатар, азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік қағидаларына сақтауға шақырамыз. Табиғи өрттердің орын алуының негізгі себептері халықтың отты абайсыз пайдалануы, сөндірілмеген темекі, алау, жанған сіріңке, майлы немесе тозығы жеткен шүберек, шыны бөтелке, көлік құралының сөндіргішінен ұшқыны, құрғақ шөптің жағу, найзағай болып табылады.
Автор: Ұлжан Ибраим