Жамбылда жолдарды жіті тексеру жүріп жатыр. Аймақ автожолдарын тексеру барысында 2 117 ақаулық анықталған. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мәмбет Смаилов айтты. Былтыр бұл көрсеткіш 2 842 болатын. Ақауларды атап айтар болсақ, республикалық маңызы бар автожолдарда 59 кемшілік, облыстық маңызы бар жолдарда 81, аудандық автожолдарда 367 және де елді- мекендердің көше-жол желілерінде 1610 кемшілік анықталыпты.
«Жыл басталғалы 3 айда жол қозғалысы қауіпсіздігі мақсатында облыс автожолдарына 493 тексеріс жүргізілді. Соның ішінде тексеріспен қамтылғаны – 3088 шақырым. Тексеріс қорытындысы бойынша жол ұйымдарының басшыларына орындау үшін 493 жазбаша өкім берілген. Олар бойынша 386 жауап алынып, 85 өкім бойынша мерзімдерінің ұзартуына және қаражаттың болмауы туралы жауап, 107 өкім бойынша белгіленген орындау мерзімдері бар. Автокөлік жолдарына қызмет көрсетудегі кемшіліктер бойынша аудандық және облыстық атқару органдарына 104 ақпарат жолданды, оның 52 жергілікті органдарға жолданды», — деді, М.Смаилов.
Автокөлік жолдарына қанағаттанарлықсыз қызмет көрсеткені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін облыс бойынша 46 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жамбылда жол инфрақұрылымын жақсарту және аймақ аумағындағы автожолдармен қауіпсіз өту маңызды. Бұл ретте халықаралық маңызы бар «Алматы-Нұр-Сұлтан-Ресей Федерациясының шекарасы» 209 шақырым және республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бұрыбайтал» 266 шақырым автокөлік жолдарын қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Сондай- ақ, 2019-2020 жылдары іске асырылған Жол картасы жол-көлік оқиғалары санының төмендеуіне оң әсерін тигізген. Яғни былтыр жалпы ЖКО саны
23% төмендеп, 1223-тен 942-ні көрсетті.
#ӨКҚ
#РСК