Әдетте ұлттық киім Наурыз мейрамында ғана киіледі. Мейрам қарсаңындағы игі бастама Еңбек инпекциясы басқармасында бастау алды.
Жамбыл облысы әкімдігі Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев ұжым мүшелерімен келісе отырып, жұмысқа қазақша нақыштағы киім үлгісімен келуді бастап кеткен екен.
Қайрат Әскербекұлы бұл бастаманы облыс әкімдігіне қарасты барлық басқармалар осы үрдісті жалғастырса, қоғамдық орындарда, көшеде киіп жүрсе, басқармаға мәселесімен келетін халық үшін үлгі болсын деген ниетте екенін жеткізді.
Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алып, сонымен қатар ұлттық киімді қоғамда дәріптеу мақсатында мемлекеттік қызметкерлер этикасын сақтай отырып, жұмысқа қазақша ұлттық киім үлгісінде келуді қолға алғанын жеткізді.
Ұжыммен келісе отырып, мемлекеттік қызметкер этикасына қайшы келмейтіндей ұлттық киімдерді жұмыс барысында кию, оны қоғамда насихаттау қос қолдап қолдайтын құптарлық іс.
«Бұл үрдіс мейрамнан соң қалып қоймай ма? » деген сауалға басқарма басшысы:
«Жалғызды үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, облысы тұрғындары біраузыдан біріксе, «Бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдастырып, жалғасын тапса, өте жақсы бастама болар еді деп ойлаймын», — деп пікірін жеткізді.
Жамбыл облысы әкімдігі Еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы Кәмшат Еспембетова мемлекеттік қызметкер ретінде осы үрдістің қолға алынғандығын, халыққа да үлгі боламыз деген пікірде. Бас маман ұлттық нақыштағы киім үлгісін мемлекеттік қызметші этикасына қайшы келмейтіндей болса, тек мейрам қарсаңында емес, әдеттегі жұмыс күндері де киюді қолдайтынын жеткізді. Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық нақыштағы киімді кию, оны дәріптеу, ұлттық киім кию рухты көтеретіндігін, бұл дәстүрімізге және менталитетімізге сай болғандықтан еш әбестігі жоқ, керісінше қоғамдық санаға әсер ететінін жеткізді.
Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Саят Төлепберген төмендегідей пікір білдірді:
Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 5-тармағының 14) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.
Қоғамды өзгерту үшін әркім өзінен бастауы қажет деген түсінік осындайда айтылса керек. Бастысы, ұлттық құндылықтар ұмтылмас игі.