«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов пен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гауһар Олжабаева, жұмыспен қамту орталығының директоры Елдос Кеңесбеков онлайн режимде кезекті азаматтарды қабылдады.
Қабылдауды «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы кеңсесінің жетекшісі Қайрат Меклисов пен арнайы мониторингтік топ мүшесі Ихтияр Мырзахметов жүргізіп, облыс тұрғындарынан келіп түскен сауалдарды сала мамандарына Фейсбук желісінің тікелей эфирінде қойды.
Қабылдауға 1-топ мүгедегі Кулетов Жұмабек Қорамсақұлы, «Жастар әлемі» қоғамдық бірлестігінің төраймы Гүлжан Байтанаева, зейнеткер Валентина Абраменко, қала тұрғыны, ауру қыздың анасы Елена Кан қатысып, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды.
Қабылдауда тікелей эфирге келіп түскен және азаматтық қабылдауға қатысушылар тарапынан сауалдар қойылды.
Мәселен, 2019 жылдың 1-ші сәуірінен бастап бала басына төленетін атаулы әлеуметтік көмектің кімдерге тағайындалатыны, оның жеке кәсіпкерлікке қатысы қандай екендігі;
1-ші топтағы мүгедек Еркежан Әлішке осы уақытқа дейін демеушілердің көмегімен арба сыйланғаны, мемлекет тарапынан берілмегендігі;
1-топ мүгедегі Кулетов Жұмабек Қорамсақұлы арбасының сынып, істен шығуына байланысты, 2019 жылы кезегі келіп тұрған қол арбаның орнына электрленген арба алуға көмек сұрады;
Зейнеткер Валентина Абраменко 1-топтағы мүгедек бола тұра жыл сайын пенсияға шығуға тексеруден өтетінін және денсаулығының жоқ болуына байланысты үй тұрмысына жарамайтынын, кір жуғыш машинасының аса қажет екендігін айтты.
Сала мамандары келіп түскен сауалдарға жауап берді.
Мысалы, өтініш толтырушылардың экономикалық-әлеуметтік, білімі және денсаулығы жайлы мәліметтер мен отбасына кіретін табыс көздерін есептеп шығаратындарын, сондай-ақ, отбасы мүшелері жұмыссыз болған жағдайда түрлі сала бойынша кәсіпкерлікті оқып, өз бизнестерін ашуға мүмкіндіктері бар екенін, 1-ші топтағы мүгедек Еркежан Әлішке қыз емделетін емханадан арбаға қажеттілікке қатысты құжаттың келіп түспеуіне байланысты арбаның берілмеуін, 1-топ мүгедегі Кулетов Жұмабек Қорамсақұлының кезегі келуіне орай мәселесі қаралап, шешілу жолдарын қарастыратындықтарын мәлімдеді.
«Жамбыл – адалдық алаңы» қоғамдық қабылдауынан кейін Абраменко Валентина Сергеевнаға «Жастар әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Байтанаеваның бастамасымен «Айрылмас» және «Keranova» сауда орталықтарының басшылары Руслан Мырқалықов пен Данияр Жұмабай кір жуғыш машинасын сыйлады.
«Жамбыл – адалдық алаңы» жоба қызметкерлері көтерілген мәселерді өз бақылауларында ұстап, халықты алдағы уақытта толық ақпараттармен қамтамасыз етіп отырады.