Жамбыл облысында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам (65%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Мұның барлығы мұғалім беделін арттыруға бағытталған. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауына арналған облыс активі жиналысында баяндады.
«Елбасы алға қойған басты міндеттің бірі — қазіргі және келешектегі нарық сұранысына сай маман даярлау, Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болу қажет.
Қазір біздің тарапымыздан осы бағытта нақты қадамдар қабылдануда. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастырудың арнайы Ережесі әзірленді.Соған сәйкес, бұрын тек колледждер мен студенттер арасында келісім шарт болатын болса, енді жұмыс берушілер — колледждер, және аудан, қала әкімдері арасында үш жақты шарттар жасалынуда.
Келісім шарт, біріншіден, жұмыс берушіні оқу бітірген түлекті жұмысқа қабылдауға, тиісті жалақы төлеуге міндеттейді.
Екіншіден, студентті, шарт талаптарын бузса, жұмсалған мемлекеттік қаржыны қайтаруға міндеттейді.
Үшіншіден, аудан әкімдерінің, мамандарға тапсырыс беруде, жауапкершілігін арттырады.
Мақсат — бюджетті тиімді пайдалану мен еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды дайындау», – деді Асқар Исабекұлы.