Қазақтың арғы-бергі тарихын қарасаңыз ел астанасы болған қалалар аз емес. Олардың барлығы да өз дәуірінде, өз заманында елдің орталығы ретінде халықтың руханияты мен саяси өміріне лайықты қызмет етті. Солардың ішіндегі тәу етер Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарға дейін ел астанасы болған Алматының алар орны ерекше Әлгі күнге дейін халықтың мәдени-рухани орталығы болып келеді. Ал, қазіргі астанамыз Астанаға келсек, Елбасының төл туындысы саналатын қаланың Астана мәртебесін алуы тарихи шешім болды деуге негіз бар. Иә, Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, әлемге қазақ деген қайсар ұлттың бар екенін танытып жатқан тұста Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев елімізге жаңа заманға лайық жаңа Астананы салу идеясын көтерді. Президент Жарлығымен 1998 жылы Ақмола қаласының атауы Астана болып ауысып, жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Содан бергі кезеңде Астана адам танымастай өзгерді. Күн санап өскен қаланың көркіне көз тоймайды бүгінде. Бірінен бірі өтетін әсем де зәулім ғимараттар өзіндік қайталанбас архитектуралық келбетімен ерекшеленеді. Айшықты Астананың ғажайып сәулетіне тамсанбау әсте мүмкін емес-ау. Ақындарымыз жырына арқау етіп, сазгерлеріміз ән шығарып, әншілеріміз әуелете шырқаған Астана туралы Қазақстанға, оның ішінде Елордаға келген шетелдік қонақтар да жағымды пікірде. Бас-аяғы жиырма жылдың жүзінде дүние жүзін ауызына қаратқан Еуразиялық стилдегі Елордамыз әлем елдеріне тұрақтылықты, бейбіт өмірді насихаттау арқылы бейбітшілік қаласы ретінде танылып үлгерді. Содан болар, елдегі ірі бизнес орталығына айналған Астанаға шетелдік инвесторлар қорықпай қомақты қаржы салып, осында тұрақтап жұмыс істеп келеді. Тіпті, Астана түрлі дін өкілдері мен әлемдік саясаттың көшбасшылары бас қосып, жаһандық мәселелерді талқылайтын орталыққа айналды. Неше жылдар түйіні тарқамай келген түйткілдердің Астана төрінде шешімін тауып жатқанын көз көріп жүр. Оған ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті мен ШЫҰ және ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттерін, қысқы Азия ойындарын, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізген мол тәжірибесін қосыңыз. Осының барлығы да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген көшбасшылық қабілеті мен сындарлы саясатының жемісі. Астананың бұл бағындырған белестері бастамасы ғана. Әлемдік өркениеттің көшін бастаған бірегей қалалардың қатарынан ойып тұрып өз орнын алатыны сөзсіз. Жасай бер, асқақтай бер, Астана!