Білім және ғылым, спорт, мәдениет саласында жетістікке жеткен, елеулі еңбегімен халыққа танылған түлектер Таразда бас қосты. Түлектердің өмір жолы мен жетістігін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Жомарт түлек» жобасы ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда Тәуелсіздік алған жылдан бастап қала мектептерін 70 мыңнан астам түлек бітірген. Олардың қатарында бүгінгі таңда елге еңбегімен танылған түлектер республиканың әр аумағында еңбек етуде. Түлектердің арнайы базасы құрылып, «Жомарт түлек» сайты іске қосылды. Бүгінде 4 мыңға жуық қала мектептерінің түлектері туралы арнайы дерек қамтылған. Танымал түлектер өздері тәмәмдаған мектептің оқушылармен кездесулер өткізіп, жүздесіп тұрады.
Келелі кездесуге әр саланың үздіктері, еңбегімен елге белгілі тұлғалар, бірқатар түлектер шақырылды. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, ҚР Мәжіліс депутаты Гүлдара Алданышқызы, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазімов, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы, еңбек ардагері Қайрат Шотбақов, дәрігер Марат Аманғалиұлы, Тараз қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Күлекеев, еңбек ардагері, ұстаз, Жамбыл атындағы №5 мектеп гимназиясының директоры болған Нүркен Нұрмаханқызы, меценат Амина Қайназарова сынды бірқатар тараздық түлектер жиында бас қосты.
Жиында Ержан Жылқыбаев: «Еліміздің өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосып, көк туымызды көкте желбіретіп жүрген танымал спортшылар, ардақты ұстаздар, бизнесмендер бар. Жобаның негізгі мақсаты – маңызды қоғамдық бастамаларды көтере отырып, түлектерді жас ұрпаққа насихаттау. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының үндеуімен аймақтың гүлденуін, жаңаруына бағытталған «Таразға тағзым» деген атпен 40 жоба әрбір ауданға, әрбір басқармаға бір-бір жоба бекітіліп, нәтижесінде осының аясында жұмыс басталып кетті. Биыл 64 әлеуметтік жоба және 33 инфрақұрылымдық нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, асарлатып үй салу жобасы аясында қалада 15 үй осы бой көтерді. Нәтижесінде ол үйлер мұқтаж жандарға берілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және көрнекті тұлғалардың, атап айтқанда Жамбыл Жабевтың 175 жылдығы, Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы, Ыбырай Алтынсариннің 125 жылдығы, Күләш Ахметованың 75 жас мерейтойы ұйымдастырлатын болады . Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың берер тағылымы мен тәрбиелік мәні ескерілетін болады», — деп атап өтті.
Тараздық түлектер бүгінгі таңда білім жолында биік белестерге жетіп, ғылым жолында тың жаңалықтарға түрен салуда. Жиынға бірқатар түлектер атап айтқанда, ҚР Мәжіліс депутаты Гүлдара Алданышқызы, бірінші санаттағы дәрігер, нейрохирург, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына есімі енген, «Ең үздік жас дәрігер» атағының иегері Марат Аманғалиұлы бейнебайланысқа шығып, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.
Марат Аманғалиұлы әр адамның кіндік қаны тамған, балалықтың үні, жұлдызды сәттер туған өлкеммен тікелей баланысты екенін, өз жетістігінің артында білім берген ұстаздарының тұрғанын ерекше атап өтіп, ұстаздарына алғысын білдірді. Марат Аманғалиұлы ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру қажет екенін, осы мақсатта өзінің білім алған мектебінің оқушыларымен офлайн және онлайн кездесуге шығып тұратынын айтты.
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы: «Қазақтың белгілі ақыны Темірхан Медетбек айтқандай: «Қазақта ұлы ақындар көп, бірақ ұлт ақыны болу керек». Ұлт ақыны деген ұлтын сүю, елін сүю , жерін сүю. Жауынменен жер көгерер, батамен ел көгерер деген дақсы сөз бар. Жастарға айтарым, елге туған жерге жақсылық жасай біл, жандандыр біл, жайқалта біл. Бізде қазір не жетіспейді? Рух жетіспейді. Тәуелсіздік бізге мүмкіндіктер берді. Тәуелсіздік қазақтың басына қонған бақыт құсы», — деп жастарға ерекше үндеу білдірді.
Жастарға белгілі Елдос Қадірханов, Арман Жаналиев, Файзулла Сағымбаев ойларын ортаға салды. Форум соңында осындай шара жыл сайын дәстүрлі өткізіліп, түлектер атқарған мәселелер ортаға салынатын болады делінді.