Осынау мерзім ішінде аталған орталықтың өңір-өңірлердегі филиалдарының қызметкерлері нәтижелі жұмыс істеп, кездескен кедергілерді еңсеруге күш салып келеді. Бұдан бөлек, олар «2000 мектеп» жобасы аясында білім ордаларын аралап, мектеп оқушыларымен кездесуде. Мәселен, жуырда өңірлік филиалдың жетекші сарапшысы Жұмахан Шәкірбаев бастаған жамбылдық жолшылар Жамбыл және Байзақ ауданындағы бірқатар мектептерге барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Атап өту керек, «2000 мектеп» жобасының басты мақсаты – болашақ талапкерлерге жол саласының негізгі бағыттары мен тұстарын түсіндіру, саладағы артықшылықтар мен перспективаларды сипаттау, оқу орындары мен мамандықтар жөнінде хабар ету сондай-ақ оқушыларды қызықтыратын сан сауалға тұщымды жауап беру. Қорыта айтқанда, бұл бастама еліміздің жол-құрылыс саласындағы кадр тапшылығын шешуге бағытталған.