Тараз қаласының әкімі Е.Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі қалалық Жол картасының орындалу барысы талқыланды.
Аталған Жол картасында тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық, тұрғын үй, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту секілді мәселелерге басымдық берілген.
Бес жылдық бағдарлама 7 бөлімнен және 89 көрсеткіш пен 18 іс- шарадан тұратын болса, олардың 86-сының орындалуы биылғы жылға жоспарланған. Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша осы іс-шаралардың 15%-ы орындалса, 65,4%-ы орындалу үстінде.
Сондай-ақ кеңесте Таразда партиялық жобалар аясында атқарылған іс-шаралар да сарапталды. Атап айтқанда «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы — Бақытты балалық шақ» партиялық жобалары аясында ардагерлерге тегін медициналық көмек көрсету, қайырымдылық акциялар, жайсыз отбасы мүшелеріне психологиялық, құқықтық кеңестер беру жұмыстары жүргізілген.
Жиын барысында өзінің орынбасарларының да өз салаларына қатысты тармақтардың орындалуы бойынша баяндамаларын тыңдаған шаһар басшысы әр бағыт, әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы Қоғамдық кеңес отырыстарында қаралып тұратынын жеткізді.