Жамбыл облысында жастар саясатын ілгерілетіп, ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраны насихаттауға зор үлес қосып жүрген ұйымдардың бірі – «Тараз достары» жастар қоғамдық бірлестігі. Ұйым басшысы Қуанышбай Мейірман Жарылқасынұлының жетекшілігімен бірлестік жастар мен билік арасындағы байланыс көпіріне айналып отыр.
Қоғамдық бірлестіктің басты мақсаты – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы аясында жастардың облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимылын нығайту, олардың мүдделерін қорғау және өңірде жастар саясатын дамытуға белсенді үлес қосу.
«Тараз достары» қоғамдық бірлестігінің жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде ерекше атап өтерлік жетістіктердің бірі – ұйымның 2019 жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы байқауында «Мәдениет пен өнерді дамыту» номинациясы бойынша жеңіске жетуі. Бұл марапат ұйымның мәдени мұраны жаңғырту мен жастар тәрбиесіне қосқан нақты үлесін дәлелдейді.
Аталған бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде жүзеге асқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасымен тығыз байланысты. Жоба аясында Жамбыл облысында орналасқан қасиетті тарихи-мәдени орындарды анықтау, оларды кең көлемде насихаттау, фотоқұжаттық жинақтар әзірлеу және ақпараттық-танымдық материалдар дайындау жұмыстары атқарылды.
Ұйым бұл бағытта бірқатар кешенді іс-шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, өңірдің киелі нысандарын аралаған экспедициялар, жергілікті тұрғындармен кездесулер, БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстары мен ақпараттық науқандар ұйымдастырылды. Бұл шаралар ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи жадыны жаңғырту және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен рухани мұраға деген құрметті қалыптастыру мақсатында өтті.
«Тараз достары» бірлестігінің бастамалары – қазіргі жастарды ата-баба аманатына адал болуға, өткенін ұмытпай, болашағына бағдар жасауға баулитын маңызды қоғамдық жұмыс үлгісі. Ұйым алдағы уақытта да жастардың мәдени-рухани дамуына серпін беретін жобаларды жалғастырып, тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басты бағыттарының бірі етіп қала бермек.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.